Кәсіпорын өкілдерімен кездесті

Кәсіпорындарда еңбек жанжалдары туындау тәуекелдеріне мониторинг жүргізу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының кестесіне сәйкес, жергілікті атқарушы билік пен өзге де құзырлы органдардың өкілдері ERG Еуразиялық тобына кіретін «Марганец Жайрема» АҚ басшылары және жұмысшыларымен кездесу өткізді.

Кездесуге Қаражал қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Ақжол Құрмансейіт, қалалық прокуратураның аға прокуроры Мақсат Қалиев, қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Шыңғыс Ерденұлы, қалалық мәслихаттың депутаты Артем Ким және Жәйрем кенті әкімінің орынбасары Гүлмира Исина қатысты.

Жүздесу барысында ұжымдық шарт жасаудың тиімділігі, еңбек қауіпсіздігі және еңбек тәртібін бұзудың салдары жайлы кеңінен әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, жұмысшылар өздерін толғандыратын сауалдарды да ортаға салды. Атап айтқанда, кәсіпорын аумағынан қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, жұмыскерлерді тасымалдау, ұялы байланыстың сапасын арттыру сияқты мәселелер көтеріліп, оларға тұщымды жауаптар берілді.

Кездесу нәтижесінде кәсіпорын басшылығына қаралған мәселелерге қатысты тиісті тапсырмалар жүктелді. Орайы келгенде айта кетейік, біршама уақыт қызметі тұралап тұрған кен орнының жұмысын жандандырып, қайта бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Марганец Жайрема» акционерлік қоғамында 215 адам еңбек етуде.

Қазір мұнда жаңғырту шаралары жалғасуда. Кәсіпорын келесі жылдың аяғында жобалық қуатына толық шыққанда 900 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ