Отбасы – тәрбие мектебі

Отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен өзара қолдауы кез келген шаңырақтың берекесін арттырады. Ал ата-ана мен бала бірге өнер көрсетіп, ортақ іске жұмылған сәтте отбасылық байланыстың мәні одан әрі тереңдей түседі. Осындай жарасымды құндылықтарды дәріптеген тағылымды шара Қаражал қаласында өтті.
Отбасы күніне орай Қаражал қалалық мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен «Өнерлі отбасы» байқауы өткізілді. Мерекелік басқосу қалада жаңадан бой көтерген саябақта ұйымдастырылып, қатысушы отбасыларға өз өнері мен шеберлігін көрсетуге мүмкіндік берді.
Байқау барысында отбасылар сахна төрінде өнер көрсетумен шектелмей, түрлі сындардан сүрінбей өтуге тырысты. Жеті кезеңнен құралған сайыста қатысушылардың тапқырлығы, шапшаңдығы, шығармашылығы және ұйымшылдығы сыналды.
Әр тапсырма отбасы мүшелерінің бір-бірін қаншалықты жақсы түсінетінін аңғартты. Бірі сөзбен демеу білдірсе, енді бірі өз ісімен қолдау көрсетті. Осылайша байқау барысында отбасылық татулық пен ауызбіршіліктің жарқын көріністері байқалды.
Сахнадағы әр отбасының өнері көрерменнің көңілінен шығып, мерекелік кешке ерекше реңк берді. Әсіресе, ата-аналарымен бірге сайысқа қатысқан балалардың белсенділігі көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Олар үшін бұл байқау тек жарыс емес, жақындарымен бірге уақыт өткізіп, өз қабілетін танытатын жақсы мүмкіндік болды.
Сайыс соңында белсенділік танытып, өз өнерін өзгеше қырынан көрсете білген отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды. Макаевтар отбасы «Өнерлі отбасы», Жұмашевтар отбасы «Тапқыр отбасы», ал Төлепбаевтар отбасы «Шымыр отбасы» аталымдарына ие болды.
Байқаудың басты жетістігі – жеңімпаздарды анықтаумен ғана шектелмегенінде. Шараға қатысқан әр шаңырақ үшін бұл күн отбасымен бірге өткізілген ерекше сәттерге толы болды. Бірге дайындалу, бір-біріне қолдау көрсету, ортақ жеңіске ұмтылу – отбасы мүшелерінің арасындағы байланысты нығайтатын құндылықтар.
Осындай мәдени шаралар отбасылық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, ұлттық өнер мен шығармашылыққа деген қызығушылықты арттыруға да ықпал етеді. Әсіресе, жас ұрпақтың ата-анасынан өнеге алып, өнерге, мәдениетке жақын болып өсуі – қоғам үшін маңызды.
Мерекелік шара соңында қатысушыларға алғыс айтылып, әр шаңыраққа ынтымақ пен береке, ата-анаға амандық, балаларға бақыт пен жарқын болашақ тілектері білдірілді.
Отбасы – адамның алғашқы тәрбие мектебі. Ал сол шаңырақтағы татулық пен сыйластық – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ең қымбат мұра. «Өнерлі отбасы» байқауы осы қарапайым, бірақ, маңызы зор ақиқатты көпшілікке тағы бір мәрте көрсетті.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ