«Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қалай орналасуға болады?

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы мемлекеттік қызметке кіруге, оны өткеруге, тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын, сондай-ақ өзге де адамдардың мемлекеттік органдардағы қызметі мәселелерін айқындайды.

Аталған Заңның 26-бабына сәйкес, «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін азаматтар мынадай іріктеу кезеңдерінен өтеді:

— бірінші кезең – мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеу;

— екінші кезең – үміткерлердің жеке қасиеттері мен негізгі құзіреттерінің болуын бағалау бойынша тестілеу;

— үшінші кезең – «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған жалпы конкурстарға қатысу.

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткерлерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден өткізу жұмыстары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткерлерді тестiлеуді ұйымдастыру, бағдарламалары мен қағидаларына» сәйкес іске асырылады.

Жалпы конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар конкурс өткiзетiн мемлекеттiк органға құжаттарын қолма-қол тәртіпте, почта арқылы, не хабарландыруда көрсетілген электрондық почта мекен-жайына электронды түрде, не «Е-gov» электронды үкімет порталы арқылы құжаттарды қабылдау мерзімінде тапсырады.

Конкурс жариялаған мемлекеттік орган құжаттардың біліктілік талаптарына және мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігін қарайды, содан кейін қабылданған шешім туралы 2 жұмыс күні ішінде хабардар етеді. Лауазымға орналасу шарттарына сәйкес келген жағдайда әңгімелесуге қатысады.

Жалпы конкурсқа қатысатын және әңгімелесуге жіберілген кандидаттар оны әңгімелесуге кандидаттарды жіберу туралы оларды хабардар еткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде конкурс жариялаған мемлекеттік органдарда өтеді.

Әңгімелесудің мақсаты кандидаттардың кәсіби және жеке қасиеттерін бағалау болып табылады. Конкурс комиссиясы шекті мәннен төмен емес нәтижелерімен жеке қасиеттерді бағалауды ескереді.

Конкурс комиссиясы әрбір жарияланған бос лауазым үшін тиісті «Б» корпусының бос немесе уақытша бос лауазымының лауазымдық өкілеттіліктерін ескере отырып, он бағыттан аспайтын конкурс сұрақтарының тізімін, сондай-ақ А-1, В-1, С-1, С-О-1, C-R-1, D-1, D-О-1, Е-1, E-R-1 лауазымдары (басшылық лауазымдар) үшін тиісті мемлекеттік органның қызметі саласында эссенің тақырыптар тізімін қалыптастырады

Конкурс комиссиясымен конкурс сұрақтарынан және эсседен бөлек кандидаттарды іріктеудің басқа құралдарын қолданылуына жол беріледі. Бұл ретте Қағидалармен көзделмеген кандидаттарды іріктеудің құралдарын қолдану туралы ақпарат конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетіледі.

Конкурс комиссиясы жұмысының ашықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына байқаушылар шақырылады.

Конкурс комиссиясының отырысына байқаушылар ретінде Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған азаматтарының, оның ішінде уәкілетті орган қызметкерлерінің қатысуына жол беріледі.

Байқаушылар әңгімелесу процесінде кандидаттарға сұрақтар қоймайды. Байқаушыларға конкурс комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасауға, кандидаттардың жеке басы деректеріне қатысты мәліметтерді жариялауға, кандидаттар қатысатын конкурс рәсімдерінде олардың техникалық жазба құралдарын қолдануға жол берілмейді.

Байқаушы ретінде конкурс комиссиясының отырысына қатысу үшін адам әңгімелесу басталғанға дейін екі сағаттан кешіктірмей персоналды басқару қызметін (кадр қызметін) хабардар етеді.

Хабардар ету конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген телефон бойынша немесе электронды пошта бойынша жүзеге асырылады.

Кандидаттың келісімі болған жағдайда онымен әңгімелесуді интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілерде онлайн-трансляциялауға жол беріледі.

Әңгімелесуді өткізу аяқталған күні конкурс комиссиясы ұсынылған құжаттардың негізінде, сондай-ақ эссені бағалау нәтижелерін және конкурс сұрақтарына жауаптарды қамтитын өткізілген әңгімелесудің нәтижелері бойынша кандидаттардың қатарынан бос лауазымға орналастыру үшін іріктеуді жүзеге асырады.

Ең көп балл алған кандидат конкурс комиссиясының оң қорытындысын алады. Балл сомалары тең болған жағдайда, конкурс комиссиясының төрағасы конкурс комиссиясының оң қорытындысын алған кандидатты анықтайды.

Конкурс комиссиясының шешімі қабылданғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның интернет-ресурсында конкурс комиссиясының шешімі орналастырылады.

Конкурс комиссиясының хатшысы әңгімелесудің оң қорытындысын алған кандидаттарға конкурс нәтижесі туралы, конкурс комиссиясы шешім шығарған күннен бастап екі жұмыс күн ішінде хабарлайды.

Конкурсқа қатысушылар мен кандидаттар уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне, не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сот тәртібінде конкурс комиссиясының немесе персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) шешіміне шағымдана алады.

Дамира АЛТАЙБАЕВА,

 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.