Жезқазған қаласындағы №8 гимназияның тарихы жетпіс жылдан да әрі асып жығылады. Осы жылдар ішінде мектеп қабырғасынан қаншама түлектер үлкен өмір жолына аттанды, олардың қаншамасы ел танитын, жұрт білетін айтулы азаматтарға айналды десеңізші! Бір ғажабы, сол шәкірттер қанша жыл өтсе де мектеппен байланысын үзген емес. Солардың бірі -1976 жылғы 10 «г» сыныбының түлектері осы аптада мектеп қабырғасында қайта қауышты.
Бұл кездесуді мектеп ұжымы да асыға күтті. Сондықтан, аса зор ынта –ықыласпен дайындалды.
Бір кездегі сынып жетекшісі болған Қибат Нәдірғалиқызы Назбенова апайды орталарына алып, табалдырықтан аттаған кездесу кешіне келген түлектерді мектептің қазіргі шәкірттерінен құралған домбыра оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алды. Қибат Нәдірғалиқызының да көптен бері келіп тұрғаны ғой, екі босағаны қайта – қайта құшақтап сүйгенін көргендердің жанарларына ыстық жас үйірілмей қалмады. «Егер денсаулығым жараса, жиі –жиі соғып тұрмас па едім?» дегенді қарт ұстаз осылайша ұқтырды, мұны жиналғандар өте жақсы түсінді.
Кешегі оқушылары ұстаздың иығына қамзол жауып, салы орамал сыйлап, саусағына алтын жүзік тақты.
-Бұл сіздің ұстаздық еңбегіңіздің, берген біліміңіз бен көрсеткен тәлім-тәрбиеңіздің мыңнан бірінің өтеуіне де жетпейтінін түсінеміз –деп жатты шәкірттері. Бірақ, ең бастысы ақ көңіл, шын ниет, шынай құрмет қой. Қарт ұстаз осыны сезінді, көрді, жаны шуаққа бөленді.
Осы жерде ол кісі туралы сәл айта кеткеннің артығы болмас. Қибат апай 1960 жылдан 2000 жылдың 5 қыркүйегіне шейін осы мектепте орыс тілі мен әдбдиетінің мұғалімі болды. Егер мектеп 1954 жылдың 20 желтоқсанында ашылғанын ескерсек, бұл кісіні мектептің «тірі шежіресі» деуге де болады. Өйткені, мектептің барлық өсу жолдары оның көз алдында өтті.
1976 жылғы мектеп түлектеріне ол кісі бастауыш сыныптардан бастап жетекшілік жасаған тәрізді. Өйткені, кездесу кезінде шәкірттерінің бірі «Апай бізге жетекшілік жасап жүріп, үш мәрте сәбилі болуына байланысты демалысқа да шығып келген еді. Бірақ, біз оныншы бітіргенде «Ақ жол» тілеп, мектептен өз қолымен ұшырған болатын» деп өткен күндердің әдемі бір естелігін айтып өткен еді. Қ. Н. Назбенова мектеп мұғалімдері арасынан ең алғаш болып «мұғалім — әдіскер» атанды. Ол — «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озат қызметкері», «Еңбек ардагері» атанған ардақты ұстаз.
Кездесу кезінде экраннан 50 жыл бұрынғы мектеп суреттерінен, ескі видеолардан құралған 3-4 минуттық қысқа слайд-шоу көрсетілгенде Қибат апай да шәкірттерімен бірге елу жылға шегініс жасап, жалындаған, жайраңдаған жастық шағына қайта оралғаны анық. Және бір ғажабы арада елу жыл өтсе де оқушылық кезді еске түсіру мақсатында шәкірттері кездесуге ақ көйлек киіп келген екен. Соның өзі – ақ көңілді толқытып жібермей ме?
Ескі достардың әрбір кездесуі әрине, оларды ең алдымен кереметтей қуанышқа кенелтеді. Дегенмен, көңілдердің қобалжып қалатын сәттері де болмай қалмайды. Өйткені, өмірдің өз заңы бар. Мұндай сәттерге жете алмай кеткендер қаншама?! Кездесуден соң арнайы мал шалынып, өмірдн өткен мұғалімдер мен сыныптастардың рухтарына Құран оқылып, дұға бағышталды. Тірілердің өткендер үшін қолынан келетіні – сол ғана.
Кездесу басталатын сәтте күтіп алушылардың бірі «Мен сіздердің сыныптастарыңыз Алтыншаштың қызы боламын, осы мектепте мұғаліммін, есімім – Гүлден болады» дегенді естігенде бәрінің де толқып кеткені рас. Алтыншаш десе Алтыншаш еді… Бұл күнге жете алмады… Өкінішті –ақ. Дегенмен, «орнында бар оңалар» деген, соңында қалған ұрпағының бірі анасының достарын қарсы алып тұр. Бұл да болса Тәңірінің бір жақсылығы, бақыты емес пе? Осыны түйсінгенде жүдеген көңілдер қайта жадырай бастағандай болды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған екен ғой.
Сондай –ақ, мектеп мұғалімдердің арасында кезінде өздеріне сабақ берген Сапар Сарыбаевтың қызы бар екенін көргенде қонақтар жағы «Сіздің әкеңіз бізді оқытса, сен біздің немере, шөберелерімізді оқытып жатыр екенсің ғой» деп сүйсініп қалды.
