Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен «TilKZ» жекеменшік мекемесінің ұйытқы болуымен 5 қыркүйек Тілдер күні мерекесі аясында «Мемлекеттік тіл, үштілділік, ономастика» тақырыбында қаланың мемлекеттік және азаматтық қызметкерлері арасында «Үздік мақала» байқауы жарияланған еді.
Байқау шарты бойынша әр қатысушы тақырыбының өзектілігі, даралығы мен баяндау ерекшелігі және жоғары стилистикалық, грамматикалық мазмұны келіскен мақаласын ұйымдастырушы тараптың электронды поштасына жіберуі тиіс болған. Өкінішке орай, байқауға қатысушылар саны саусақпен санарлықтай ғана болғанын айта кету керек.
Байқау қорытындысында III орынға №1 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұгалімі Мөлдір Сүлейменова қол жеткізсе, II орын жүлдесін Қаражал қаласының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Оразалина қанжығасына бөктерді. Ал, I орынды «Қазыналы өңір» газетінің тілшісі Балшырын Амантай жеңіп алса, Бас жүлдені №1 орта мектебі қазақ тілі және әдебиеті пәні мұгалімі Айгүл Тұрғанбекова иеленді.
***
Жеңімпаз бен жүлдегерлердің мақалалары «Үздік мақала» айдарымен басылым бетінде жарияланады.
Өз тілшімізден.