Көгілдір отын келер күн жақын

Ұлытау облысын газбен қамту жұмыстарын 2025 жылдың соңында толық аяқтау жоспарланған. Сәтін салса, көгілдір отын Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіне және Жаңарқа ауданына да жеткізілмек. Жағымды жаңалық облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Хакім МАҚСҰТТЫҢ кездесуінде мәлім болды.

Кездесу барысында екі тарап Ұлытау облысындағы газ тарту жұмыстарының барысы жайлы әңгімелесіп, өңірді көгілдір отынмен қамту мәселелері пысықталды.

Орайы келгенде айта кетейік, қазір Жезқазған қаласының Бекболатсай мен Костанкелді ықшамаудандарында газ құбырларын іске қосу кешенінің екінші кезеңі басталып, тұрғын үйлерді газбен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас директордың айтуынша аталған аудандарда газды жүргізу жұмыстары осы жылдың соңында толықтай аяқталады. Кездесуде сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігін газдандыру жайы да сөз болды. Келелі мәселелер көтерілген кездесуде Берік Әбдіғалиұлы тиісті мамандарға жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша мемлекеттік құрылымдармен және «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып тиісті жұмыстарды пысықтауды, оны орындау мақсатындағы іс-қимылды ширатуды тапсырды.

Өзтілшімізден.