Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты дамуына, экономиканың өсуіне және қоғамның әділдігіне қауіп төндіретін келеңсіз құбылыс. Ол азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін төмендетіп, заң үстемдігі қағидатын әлсіретеді. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрестің басты негізі – заңның үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамда тәртіп мәдениетін қалыптастыру
Заң – мемлекет пен қоғамның тірегі. Заң талаптары барлық азаматтар үшін бірдей болған жағдайда ғана әділдік орнап, құқықтар мен бостандықтар сенімді қорғалады. Ал тәртіп – заң талаптарын саналы түрде сақтау, өз міндеттеріне адал қарау және қоғамдық жауапкершілікті сезіну. Заң мен тәртіп қатар жүрген жерде құқық бұзушылық пен жемқорлықтың орын алу мүмкіндігі азаяды.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, ашықтық қағидаттарының енгізілуі, мемлекеттік органдардың есептілігін арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту – осы бағыттағы маңызды қадамдар. Цифрлық қызметтер азамат пен лауазымды тұлға арасындағы тікелей байланысты азайтып, заңсыз әрекеттердің алдын алуға ықпал етеді. Жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес.
Әрбір азамат заңды құрметтеп, пара беруден де, пара алудан да бас тартуы тиіс. Отбасында адалдыққа тәрбиелеу, білім беру ұйымдарында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жастар арасында парасаттылық құндылықтарын дәріптеу – жемқорлыққа қарсы мәдениеттің маңызды бөлігі. Қорытындылай келе, заң мен тәртіп – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің берік іргетасы. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстанғанда ғана әділетті, ашық әрі өркениетті қоғам қалыптасады.
Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін орнықтыру – еліміздің жарқын болашағына бастайтын маңызды қадам.
Айжан ТҮЙТЕБАЕВА,
Қаражал қалалық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы.

