Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтарының заңсыз айналымы – қоғамның қауіпсіздігіне, азаматтардың денсаулығына және елдің болашағына зор қауіп төндіретін аса ауыр қылмыстардың бірі. Әсіресе, жастардың есірткіге тәуелді болуы олардың өміріне ғана емес, отбасы мен қоғамға да ауыр зардаптар әкеледі. Сондықтан, есірткі қылмыстарының алдын алу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есірткі құралдарын заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау, өткізу, өсіру немесе жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін кінәлі адамдарға қылмыстың ауырлығына қарай ірі мөлшерде айыппұл салу, бас бостандығын шектеу немесе ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары қолданылады. Әсіресе, есірткіні өткізу, кәмелетке толмағандарды есірткі қылмысына тарту немесе ұйымдасқан топ құрамында жасау аса ауыр қылмыс ретінде бағаланады. Жазаның бұлтартпастығы қағидаты құқықтық мемлекеттің маңызды қағидаларының бірі болып табылады.
Бұл қағидатқа сәйкес, заң бұзған әрбір адам өзінің әрекеті үшін міндетті түрде заң алдында жауап береді. Сондықтан, есірткі қылмысына қатысты құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы заңсыз айналымның жолын кесуге, құқық бұзушыларды анықтап, жауапкершілікке тартуға бағытталған. Есірткі қылмыстарының алдын алуда құқық қорғау органдарымен қатар білім беру ұйымдарының, мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналардың және жалпы қоғамның рөлі ерекше. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, құқықтық сауаттылықты арттыру, зиянды әдеттердің салдары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу – есірткіге қарсы күрестің тиімді жолдарының бірі.
Әрбір азамат есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген құқық бұзушылық туралы ақпаратты құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауға азаматтық жауапкершілікпен қарауы тиіс. Заң талаптарын сақтау, салауатты өмір салтын ұстану және құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қауіпсіз қоғам құрудың негізгі алғышарттары. Есірткі қылмыстарына қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заң талаптарын мүлтіксіз орындау, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және құқықтық жауапкершілікті арттыру арқылы ғана біз есірткісіз, қауіпсіз және жарқын болашаққа қадам жасай аламыз.
Ләззат АКИМБАЕВА,
№ 1 Тірек мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

