Өз дауысың – өз таңдауың

Ұлытау облысы, Қаражал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Сабина Киммен сұхбат.

– «Өз дауысың – өз таңдауың» деген ұғымның маңызы неде?

– Әрбір азаматтың дауысы – елдің болашағына ықпал ететін маңызды таңдау. Сайлауға қатысу – Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқығы. Сондықтан, әрбір сайлаушы өз таңдауын саналы түрде жасап, азаматтық белсенділік танытуы маңызды.

– Сайлаушылар тізімі қалай жасақталады?

– Сайлаушылар тізімі жергілікті атқарушы органдар ұсынатын мәліметтер негізінде жасақталады. Тізімге сайлау күні он сегіз жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасы азаматтары енгізіледі.

– Азамат өз аты-жөнінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын қалай тексере алады?

– Әрбір азамат өзіне тиесілі сайлау учаскесіне жүгіну арқылы немесе қолжетімді электрондық сервистердің көмегімен сайлаушылар тізімінен өзін тексере алады. Егер мәліметтерде қателік анықталса немесе азамат тізімге енгізілмеген болса, учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беругеқұқылы.Сайлаушылардың тізімге қатысты сұрақтары туындаған жағдайда Қаражал қаласы әкімдігінің 8 (71032) 2-66-19 нөмірі бойынша жұмыс істейтін call-орталығына хабарласуына болады.

– Сайлаушылар тізімінен қандай жағдайда есептен шығарылады?

– Азамат заңнамада көзделген негіздер бойынша сайлаушылар тізімінен есептен шығарылады. Мысалы, басқа сайлау учаскесіне тіркелген жағдайда, тұрғылықты жері өзгергенде немесе заңда белгіленген өзге де жағдайларда. Бұл бір азаматтың екі рет дауыс беруіне жол бермеу мақсатында жүзеге асырылады.

– Сайлаушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Сайлау күніне дейін өзіңіздің сайлаушылар тізімінде бар екеніңізді алдын ала тексеріп, дауыс беретін сайлау учаскеңізді нақтылап алған жөн. Әрбір азаматтың дауысы маңызды. Өз дауысыңыз – өз таңдауыңыз, ал өз таңдауыңыз – еліміздің болашағы. Қосымша ақпарат ретінде айта кетейін, Қаражал қаласы әкімдігінің интернет-ресурсындағы «Сайлау» бөлімінде сайлаушыларға арналған барлық қажетті ақпарат тұрақты түрде жарияланып отырады.

Сұхбаттасқан Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ