Даңқты еңбекке құрмет

Жәйрем кентінде металлургтер мен кеншілердің төл мерекесі – Металлургтер күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Биылғы мерекенің мән-маңызын арттыра түскен тағы бір айтулы оқиға болды. Ол – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ тарихындағы ең маңызды белестердің бірі – алғашқы кен шөмішінің өндірілгеніне 50 жыл толуы.

Бұл мерейтой өндірістік күнтізбедегі кезекті дата ғана емес. Бұл – жарты ғасыр бойы Жәйремнің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірнеше буын еңбек адамдарының маңдай тері мен қажырлы еңбегінің шежіресі.

Мерекелік кешке металлургтер, кеншілер, еңбек ардагерлері, өндіріс озаттары, кәсіпорын басшылары және кент тұрғындары қатысты. Салтанатты шараның шымылдығы би ансамбльдерінің әсерлі қойылымымен ашылып, көрермендер назарына Жәйремнің қалыптасу жолынан сыр шертетін бейнероликтер ұсынылды.

Жүргізушілер өз сөздерінде металлургия саласының мемлекеттің индустриялық қуаты үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ, жер қойнауындағы байлықты ел игілігіне айналдыратын металлург мамандығының жауапкершілігі жоғары, үлкен кәсіби шеберлікті талап ететін абыройлы кәсіп екеніне тоқталды.

Жарты ғасырлық тарих пен еңбек дәстүрі

Кеш барысында Жәйремнің қалыптасу тарихына арнайы шолу жасалды. Атасу өңіріндегі алғашқы геологиялық зерттеулер өткен ғасырдың 20–30-жылдарында басталып, кейін темір-марганец және барит-полиметалл кендерінің мол қоры анықталғаны айтылды. Сонымен қатар, 1976 жылы алғашқы кен шөмішінің өндірілгені, сол уақыттан бері шағын жұмысшылар кентінің заманауи өндірістік орталыққа айналып, мыңдаған адамды еңбекпен қамтыған ірі тау-кен металлургия кешені қалыптасқаны туралы мазмұнды деректі фильм көрсетілді. Фильмде Жәйремді алғаш ашқан геологтардың, кен орындарын игерген құрылысшылар мен кеншілердің ерен еңбегі кеңінен көрініс тапты.

Жәйремдіктер өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан алғашқы буын еңбеккерлерінің жарқын бейнелерін тағы бір мәрте еске алды. Салтанатты жиында бірнеше мәрте атап өтілгендей, бүгінгі Жәйремнің жетістігі – геологтардың көрегендігі, құрылысшылардың қажырлы еңбегі, кеншілердің табандылығы, металлургтердің кәсібилігі және ардагерлердің баға жетпес тәжірибесінің жемісі.

Өндіріс үздіктеріне құрмет көрсетілді

Салтанатты кештің келесі бөлімінде комбинаттың алғашқы құрылысшыларының ізбасарлары, бүгінгі өндіріс озаттары және түрлі салада жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.

Алғашқылардың бірі болып Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова мен Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов құттықтау сөз сөйлеп, бір топ өндіріс озаттарына Қаражал қаласы әкімінің Құрмет грамотасын табыстады. Марапатқа талдамалық зертхананың спектралдық талдау зертханашысы Перизат Әбікенова, көлік цехының жүргізушісі Жансары Мекебаев және полиметалл байыту фабрикасының ауысым шебері Арман Оспанов ие болды.

«Еңбек даңқы» белгісінің иегерлері

Кейіннен «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықов пен кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев марапаттау рәсімін жалғастырды.

Қазақстан Республикасының тау-кен өнеркәсібін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» салалық белгісімен техникалық қызмет көрсету және жөндеу басқармасының жабдықтарға қызмет көрсету және жөндеу слесарі Марал Амангелдин, энергия цехының бастығы Ерден Иманбеков және полиметалл байыту фабрикасының конвейер машинисі Күләш Шүленбай марапатталды.

«Казцинк» марапаттары мен мерейтойлық медальдер табысталды

Сонымен қатар, «Казцинк» ЖШС Бас директоры Жанат Жанботиннің Құрмет грамотасы мен мерейтойлық медалімен бірқатар қызметкерлер марапатталды.

Олардың қатарында «Жәйрем» кенішінің тау-кен массасын шығару көлігінің жүргізушісі Нұрым Түсіпов, тиегіш жүргізушісі Алексей Шмидт, полиметалл байыту фабрикасының сорғы қондырғысының машинисі Жұмағазы Жүсіпбеков, бас технологы Хамит Әбілда, кран машинисі Татьяна Симонова, конвейер машинистері Бақыт Асқарова мен Гүлбану Хавар және басқа да өндіріс мамандары бар. Сондай-ақ, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен және мерейтойлық медалімен өндірістің түрлі бағыттарында жемісті қызмет атқарып жүрген бір топ қызметкер марапатталды.

Еңбек адамдарына арналған мерейтойлық құрмет

Жәйрем кен байыту комбинатының 50 жылдығына орай арнайы мерейтойлық медальдер өндірістің дамуына ерекше үлес қосқан басшылар мен мамандарға тапсырылды. Олардың қатарында тау-кен өндірісі, байыту ісі, қаржы, маркшейдерлік қызмет, техникалық бақылау және кадр даярлау бағыттарында ұзақ жылдар еңбек еткен тәжірибелі басшылар мен мамандар болды. Шара барысында биыл көктемде өмірден озған өндірістік және экологиялық қауіпсіздік басқармасының бұрынғы басшысы Нұржан Қадірсізовтің еңбегі ерекше аталып өтті. Мерейтойлық медаль марқұмның анасына табысталды.

Бұл сәт залдағы көпшілікті толқытып, ұзақ жылғы әріптестік пен адал еңбекке көрсетілген үлкен құрметтің белгісіне айналды. Келесі кезекте тағы бір топ озат өндірісші бағалы сыйлықтар сертификаттарымен марапатталды. Ал «Казцинк» ЖШС Кәсіподақ ұйымының «Күміс» төсбелгісі интеграцияланған менеджмент жүйесі бөлімінің маманы Мақпал Тулебаеваға және жылумен, сумен жабдықтау бөлімінің шебері Дәурен Исабаевқа табысталды.

Сонымен қатар, полиметалл байыту фабрикасының реагенттер мөлшерлеушісі Бақыт Дамебаева, персоналдармен жұмыс істеу қызметінің бас маманы Сұлушаш Құтжанова, жылу және сумен жабдықтау цехының жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі слесарі Бақыт Еділбаев, персоналдарды оқыту және дамыту бөлімінің оқытушысы Сандуғаш Домебаева, цифрлық технологиялар және сервис кешенінің Жәйрем кентіндегі техникалық қолдау бөлімінің аға жүйелік инженері Александр Волков Кәсіподақ төрағасы Раиса Дюсебаеваның Құрмет грамотасына ие болды.

Жастар кеңесінің белсенді мүшелері әрі «Өндіріс волонтерлері» тобының еріктілері Диас Жангазинов, Данияр Тұрлыбеков және Алып Жаналинов «Казцинк» компаниясының әлеуметтік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазаревтің Алғыс хатын алды. Сонымен қатар, маусым айында «Жәйрем» кенішінде тау-кен көлігі операторлары арасында өткен кәсіби шеберлік байқауында жеңіске жеткен тау-кен көліктерінің жүргізушілері де лайықты марапаттарға ие болды.

Атап айтқанда, «Жәйрем» кенішінің қосалқы көлік учаскесінің шынжыр табанды экскаватор машинисі Турсанхан Серікжанұлы, автогрейдер машинисі Әділбек Халами, жолдар мен үйінділерді күтіп ұстау учаскесінің тиегіш жүргізушісі Жасұлан Сембин, жүк көтерімділігі 100 тоннадан 200 тоннаға дейінгі автокөліктер жүргізушісі Азамат Шоқаев, жолдар мен үйінділерді күтіп ұстау учаскесінің автогрейдер машинисі Өмірбай Ашықбаев, экскаватор машинисі Ақеділ Нұрлыбаев және жолдар мен үйінділерді күтіп ұстау учаскесінің тиегіш жүргізушісі Дархан Әбішев дипломдармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды.

Кент өміріне үлес қосқан жандар да назардан тыс қалмады

Комбинат ұжымы өндірістегі табыстар тек кәсіпорын қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл кент қауымының ортақ еңбегінің нәтижесі екенін ерекше атап өтті. Осыған байланысты білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, коммуналдық қызмет және бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері марапатталды. Марапатталғандардың қатарында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазыналы өңір» газетінің тілшісі Гауһар Наурызбаева да болды. Ол Жәйрем кентінің әлеуметтік дамуына қосқан үлесі және көпжылдық жемісті ынтымақтастығы үшін комбинат басшылығының Алғыс хатымен марапатталды.

Жас спортшыларға қолдау көрсетілді

Мерекелік кеш барысында халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап жүрген жас спортшылар да марапатталды. Самбо және бокстан жоғары нәтижелерге қол жеткізген Айару Файзуллаева мен Еркежан Наукеноваға ақшалай сертификаттар табысталды. Олардың жаттықтырушылары да мерейтойлық медальдермен және ақшалай сыйақылармен марапатталды. Бұл «Казцинк» компаниясының жастарды қолдау және спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының жарқын көрінісі болды.

Ән мен биге толы мерекелік кеш

Мерекелік бағдарлама барысында жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар көрермендерге көтеріңкі көңілкүй сыйлады. «Нұрайна» би ансамблі мен өнерпаздар Дана Әбілдина, Жандос Ақтаев, Бағлан Болатова және Сандуғаш Домебаева өздерінің әсерлі өнерлерін ұсынып, мерекенің сәнін келтірді. Кештің қорытынды бөлімінде қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерт ұйымдастырылып, мереке түрлі-түсті отшашумен аяқталды.

Өткенге тағзым, болашаққа сенім

Металлургтер күніне арналған бұл мерекелік шара еңбек адамының қоғамдағы жоғары мәртебесін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Бүгінгі Жәйрем – бірнеше буын геологтардың, кеншілердің, металлургтердің, құрылысшылардың және өндіріс мамандарының ортақ еңбегінің жемісі. Ал алғашқы кен шөмішінің 50 жылдығы – өткен тарихқа тағзым ғана емес, жарқын болашаққа деген сенімнің де белгісі. Жарты ғасыр бұрын басталған даңқты жол бүгін де жалғасын табуда. Өндіріс дамып келеді, жаңа жобалар жүзеге асырылуда, жас мамандар қалыптасуда.

Ең бастысы – Жәйремнің табысты тарихын жазған еңбек адамдарының абыройы әрдайым асқақтай бермек. Металлургтер күні құтты болсын! Жәйремнің мерейі үстем болып, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның даңқы мен беделі арта берсін!

Теректі ШАҒАТАЙ.