«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ символдық іргетасын қалап, алғашқы ашушыларға арналған саяқбақтың құрылысы басталды. Бұл жоба – Жәйремнің іргетасын қалап, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың еңбегін ұлықтауға бағытталған маңызды бастама. Құрылыс жұмыстарының алғашқы қазығын қағуға комбинат ардагерлері мен ел ағалары жиналды.
Салтанатты шара барысында құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйым қазақ халқының игі дәстүріне сай құрбандық шалып, жиналған ақсақалдардың батасын алды. Ардагерлер мен ел ағалары ақжарма тілектерін білдіріп, игі істің берекелі де табысты жүзеге асуына ақ баталарын берді. Осылайша болашақ саябақтың алғашқы қазығы қағылып, тағылым мен тағзымға негізделген маңызды жобаның бастауы жария етілді. Алдағы уақытта бұл саябақ Жәйремнің тарихын дәріптеп, алғашқы ашушылардың есімін ұрпақ жадында жаңғыртатын тағылымды орынға айналмақ.
Теректі ШАҒАТАЙ.

