ЖӘЙРЕМ КЕНТІНДЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКЕН ШАҒЫН ФУТБОЛ АЛАҢЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Металлургтер күні қарсаңында Жәйрем кентінде тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік нысан – күрделі жөндеуден өткен шағын футбол алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Қаражал қаласының әкімі Айқын Қылышұлы Елеусізов, Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Амангелдіұлы, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықов, еңбек ардагерлері, спорт саласының өкілдері, жастар және кент тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсім барысында сөз сөйлеген құрметті қонақтар жаңа спорт нысанының пайдалануға берілуі тұрғындардың, әсіресе жас ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

Шара аясында алаңның құрылысына және жаңғырту жұмыстарына үлес қосқан азаматтар Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұдан кейін жаңа футбол алаңының лентасы салтанатты түрде қиылып, нысанның ресми ашылуы жарияланды.

Салтанатты рәсіммен кейін қонақтар жаңартылған спорт алаңымен танысып, жас спортшылардың қатысуымен өткен жолдастық футбол кездесуін тамашалады.