Ұлытау облысында білім беру саласын дамытуға бағытталған жобалар талқыланды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты.

Кеңес барысында өңірдің білім беру жүйесін дамытуға арналған «QH «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін Ұлытау облысының мектептеріне енгізу» қайырымдылық жобасын жүзеге асыру және Жәйрем кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселелері қаралды.

Өңір басшысы өз сөзінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының әлеуметтік маңызы бар бастамаларды іске асыруға қосып отырған үлесін жоғары бағалап, қор басшылығына алғысын білдірді.

Аймақ басшысының айтуынша, аталған жоба сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға, педагогтердің кәсіби біліктілігін нығайтуға және оқушылардың білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыста мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, білім беру инфрақұрылымын дамыту және жөндеу жұмыстарын жүргізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Кездесу қорытындысында тараптар білім беру саласын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру және өңір мектептеріне озық тәжірибелерді енгізу мәселелері бойынша өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді.