Тіршілік нәрін жеткізген еңбек жолы

Қазақстанда жыл сайын 9 шілдеде Су шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл — елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуге, су ресурстарын сақтауға және халық игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарына көрсетілетін құрметтің белгісі. Осындай өз ісіне адал жандардың бірі – Қаражал-Жәйрем өңірінің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге еңбек етіп жүрген Майра Исабаева.

Майра Сағидолдақызы 1963 жылдың 16 ақпанында Шығыс Қазақстан облысының Зырян қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ техникалық пәндерге қызығушылық танытып, 1980 жылы орта мектепті тәмамдаған соң Өскемен энергетикалық техникумына оқуға түседі. 1980–1982 жылдары алған кәсіби білімі оның болашақ еңбек жолының берік іргетасына айналды. Оқу орнын бітіргеннен кейін Майра Сағидолдақызы Болатқан Исабаевпен шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірдің жауапкершілігін еңбекпен ұштастыра білді.

Ерлі-зайыптылар екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ана ретінде де, маман ретінде де өзін дәлелдей алған жанның өмір жолы көптеген әйелдер үшін үлгі бола алады. 1986 жылы отбасы Жәйрем кентіне қоныс аударды. Бұл оның кәсіби тағдырындағы жаңа кезеңнің басталуы болды.

Ол еңбек жолын Жәйрем кен байыту комбинатында энергодиспетчер болып бастады. Электр энергетикасы саласындағы күрделі әрі жауапты қызмет жас маманнан жоғары білім мен ұқыптылықты талап ететін. Майра Сағидолдақызы сол талаптардың үдесінен шығып қана қоймай, кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамуды мақсат етті.

Осы ұмтылыстың нәтижесінде 1994–2000 жылдары Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде сырттай білім алып, «Көпарналы телекоммуникациялық жүйелер» мамандығын игерді. Білімін жетілдіру оның еңбек жолында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Көп жылғы тәжірибе мен кәсіби біліктіліктің арқасында ол түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. 2001 жылы «Жәйремэнергосервис» ЖШС-нің абоненттік қызметінің бастығы болды. 2006 жылы «Энергосервис» ЖШС директоры болып тағайындалса, 2008 жылдан бастап сол кәсіпорында бас инженер қызметін атқарды. Әр кезеңде өндірістік процестерді ұйымдастыру, ұжыммен жұмыс істеу және инженерлік мәселелерді шешуде өзінің іскерлігі мен жауапкершілігін көрсете білді. 2016 жылы «Энерготранзит Компани» ЖШС-де 35 кВ әуе электр беру желілерін пайдалану жөніндегі шебер қызметіне ауысты. Бұл қызметте де өндірістік қауіпсіздік пен сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға белсенді атсалысты.

Ал 2022 жылдан бастап Майра Сағидолдақызының еңбек жолы су шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Бүгінде ол «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қ. Сәтбаев атындағы арна филиалының Жәйрем-Қаражал пайдалану басқармасының бастығы ретінде қызмет атқарып келеді.

Оның жетекшілігіндегі ұжым Жәйрем мен Қаражал тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық нысанның жұмысын үйлестіреді. Жәйрем–Қаражал топтық су құбыры — өңір тұрғындарының әл-ауқатын қамтамасыз ететін бірегей инфрақұрылымдық жоба. Балансында Қ.

Сәтбаев атындағы канал филиалына қарайтын бұл су құбыры 2019 жылы пайдалануға берілген. Оның жалпы ұзындығы 186,32 шақырымды құрайды. Нысан Жәйрем кенті мен Қаражал қаласының 21,6 мыңнан астам тұрғынын 24 сағат бойы сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отыр.

Су жүйесінің бастауы — Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы «Тұзкөл» жерасты су кен орны. Бұл өңірдің табиғи байлығын халық игілігіне жаратып отырған күрделі инженерлік жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үлкен жауапкершілік жүктейді. Осындай маңызды міндеттің орындалуында Майра Исабаеваның еңбегі ерекше.

Ол тек басшы ғана емес, өз ісін терең меңгерген тәжірибелі инженер. Өндірістегі әр мәселені жіті бақылап, қызметкерлердің қауіпсіздігіне, нысандардың сенімді жұмысына және халыққа сапалы қызмет көрсетуге айрықша көңіл бөледі. Ұзақ жылдық еңбек тәжірибесі оған қандай жағдайда да дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Майра Сағидолдақызының өмір жолына көз жүгірткенде, қарапайым еңбек адамының табандылық пен кәсібіне деген адалдық арқылы зор нәтижеге қол жеткізе алатынын көреміз. Энергетикадан басталған еңбек жолы бүгін су шаруашылығы саласында жалғасып, мыңдаған адамның игілігіне қызмет етуде. Су — тіршіліктің негізі.

Ал сол тіршілік нәрін халыққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Су шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Майра Исабаева сияқты өз ісіне берілген мамандардың еңбегі жас ұрпаққа өнеге, әріптестеріне үлгі болып қала береді. «Елді мекендер, өндіріс орындары мен тұрғындардың тіршілігі сумен тікелей байланысты.

Сондықтан, су саласындағы әрбір маманның еңбегі — қоғам үшін маңызды еңбек» деген қағиданы ұстанатын Майра Исабаева бүгінде өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында табанды қызмет атқарып келеді. Оның өмірі мен еңбегі – адалдықтың, жауапкершіліктің және туған елге қызмет етудің жарқын үлгісі.

Теректі ШАҒАТАЙ