Бірінші Құрылтай сайлауына дайындық Қаражал қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсін Нүркенмен сұхбат

– Ерсін мырза, алдымен алдағы Құрылтай сайлауы туралы айтып өтсеңіз.

– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 1 шілдедегі «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлығына сәйкес, Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Құрылтай– еліміздің заң шығарушы билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Оның құрамына партиялық тізімдер бойынша сайланатын 145 депутат кіреді. Депутаттар бес жыл мерзімге сайланады. Сайлау жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.

– Қаражал қаласында сайлауды ұйымдастыру жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Қалада сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына бір аумақтық және 78 мүшеден тұратын 14 учаскелік сайлау комиссиясы қатысады. Барлық комиссиялар толық құрамда жұмыс істеп жатыр. Жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорына сәйкес, Қаражал қаласында 10447-ден астам сайлаушы тіркелген. Сайлаушылар үшін 14 сайлау учаскесі тұрғылықты жерлері бойынша жұмыс істейді.

– Сайлау комиссияларының мүшелері қандай дайындықтан өтті?

– Учаскелік сайлау комиссияларының барлық мүшелері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлытау облысы филиалында «Сайлау процесін ұйымдастыру мен жүргізудің практикалық аспектілері» тақырыбындағы арнайы оқу курсынан өтті. Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар емтихан тапсырып, тиісті сертификаттарға ие болды. Алдағы уақытта да жоспар бойынша оқыту семинарлары өткізілетін болады.

– Жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар қалай ұйымдастырылуда?

– Сайлау науқаны кезінде біз қала әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Әкімдік үгіт материалдарын орналастыру орындарын анықтады. Сонымен қатар, кандидаттардың сайлаушылармен кездесу өткізуіне арналған үй-жайлардың тізімі бекітілді. Қазіргі таңда сайлаушылар тізімдерін өзектендіру бойынша кәсіпорындармен және мекемелермен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, қала әкімдігінде байланыс орталығы жұмыс істейді.

– Сайлаушылар өздерінің тізімде баржоғын қалай тексере алады?

– 2026 жылғы 7 тамыздан бастап әрбір сайлаушы қала әкімдігінің интернет-ресурсы немесе байланыс орталығы арқылы өзінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін және сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады.

– Сайлаушылар тізіміне кімдер енгізіледі?

– Сайлаушылардың тізімдерін жергілікті атқарушы органдар жасайды. Оған дауыс беру күніне 18 жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тиісті сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.

– Егер сайлаушы дауыс беру күні тіркелген жерінде болмаса, не істеуі керек?

– Егер азамат сайлау күні өзінің тіркелген сайлау учаскесіне келе алмайтынын алдын ала білсе, заңда белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органға жазбаша өтініш бере алады. Сонымен қатар, басқа жерде болатын сайлаушылар дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады. Бұл куәліктер 2026 жылғы 7 тамыздан бастап беріледі және оларды беру 22 тамыз күні сағат 18.00-де тоқтатылады. Куәлікті сенімхат арқылы өкілдің алуына да мүмкіндік қарастырылған.

– Қазіргі уақытта сайлау науқанының қай кезеңі жүріп жатыр?

– Қазір саяси партиялар Қазақстан Республикасы Құрылтайына депутаттардың партиялық тізімдерін ұсыну кезеңінде. Бұл жұмыс 2026 жылғы 13 шілде сағат 18.00-де аяқталады. Қажетті құжаттар Орталық сайлау комиссиясына тапсырылады. Сайлауға қатысты барлық ресми ақпарат Орталық сайлау комиссиясының сайтында жарияланып отырады. Ал Қаражал қаласының аумақтық сайлау комиссиясы өз құзыреті шегінде тұрғындарды сайлауға дайындық барысы туралы тұрақты түрде хабардар етеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

– Рақмет. Барлық қала тұрғындарын алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырамын. Әрбір азаматтың дауысы– еліміздің болашағына қосқан маңызды үлесі.

Сұхбаттасқан Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.