Жәйрем кентінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және коммуналдық қызметтің жұмысын жетілдіруге бағытталған маңызды жоба жүзеге асырылды. Ағымдағы айдың басында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында іске асқан бастама шеңберінде Жәйрем кенті әкімінің аппаратына қарасты «Жәйрем Болашақ» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына арнайы қоқыс шығаратын автокөлік пен 50 заманауи қоқыс контейнері табысталды. Аталған мекемеге су жаңа автокөлік кілтін табыстаған кент әкімі Қайрат Жансағымов: — Бұл жоба кенттің коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару, санитарлық-экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру өңірлердің тұрақты дамуының маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Осы ретте қолға алынған бастама Жәйрем кентінің әлеуметтік және экологиялық дамуына оң ықпал етпек. Кентіміздің гүлденіп, көркейіп, жаңаруы жолында осындай жақсы жаңалықтар мен маңызды жобалар молынан болсын.
Осындай әр қуанышты сәтті кентіміздің жарқын болашағына жасалған маңызды да сәтті қадамдар деп қабылдайық. Халық үшін алынған жаңа дүниелер құтты болсын, құрметті жәйремдіктер, — деп өз тілегін жеткізді. Сонымен қатар, салтанатты табыстау рәсімінде сөз сөйлеген қатысушылар коммуналдық саланы заманауи техникамен жарақтандырудың маңыздылығына тоқталды.
Жаңа арнайы автокөлік қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау жұмыстарын едәуір жеңілдетіп, олардың уақытылы шығарылуын қамтамасыз етеді. Ал жаңа контейнерлерді орнату қалдықтарды жинау жүйесін тәртіпке келтіруге, санитарлық жағдайды жақсартуға және қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға мүмкіндік береді. Коммуналдық қызметтердің тиімді жұмысы кез келген елді мекеннің көркеюі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруінің басты көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
Көшелердің, аулалардың және қоғамдық орындардың тазалығы халық денсаулығына ғана емес, өңірдің жалпы келбеті мен тартымдылығына да тікелей әсер етеді. Сондықтан, арнайы техника мен қажетті құрал-жабдықтарды жаңарту — коммуналдық саланы дамытудың маңызды қадамдарының бірі. «Жәйрем Болашақ» ШЖҚ КМК басшысының орынбасары Асқарәлі Омаров жоба аясында алынған техника мен контейнерлер «Жәйрем Болашақ» ШЖҚ КМК мамандарының жұмыс өнімділігін арттырып, көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін, заманауи жабдықтарды пайдалану тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарын жүйелеп, тұрғындардан түсетін өтініштер мен мәселелерді жедел шешуге жағдай жасайтынын айтып өтті.
Бұл бастама халықаралық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы нәтижелі ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болды. Осындай жобалардың арқасында елді мекендердің инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Әсіресе, экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау мәселелері күн тәртібіндегі өзекті бағыттардың бірі ретінде ерекше назар аударуды талап етеді.
Жәйрем кенті үшін жаңа техника мен контейнерлердің берілуі тек коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту ғана емес, сонымен қатар, таза әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екендігі, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, кенттің санитарлық жағдайын нығайтуға және өңірдің одан әрі дамуына өз үлесін қосатынына сеніміміз мол. Осындай маңызды жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасына, жоба серіктестеріне, жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық сала мамандарына алғыс білдіреміз. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде Жәйрем кентінің инфрақұрылымы одан әрі дамып, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатыны сөзсіз.
Теректі ШАҒАТАЙ.

