Ұлытау облысында экологиялық ахуалды жақсартуға және тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару жүйесін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Жоба Жезқазған және Сәтбаев қалаларының аралығында іске асырылмақ. Оның аясында тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынып, қағаз, пластик және резеңке-техникалық бұйымдар қалдықтарын қайта өңдейтін өндірістік кешен пайдалануға беріледі.
Жобаны жүзеге асыратын инвестор – «DD-jol» ЖШС. Инвесторға жалпы ауданы 16,1819 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инженерлік инфрақұрылымға қосылу үшін техникалық шарттар берілген.
Кешен іске қосылғаннан кейін жылына 50 мың тоннаға дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік туады. Бұл өңірдегі қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға және қайталама шикізатты өндіріс айналымына тартуға ықпал етеді.
Нысанның құрылысын 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

