«Су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында кездесу өтті

25 маусым күні Жастар ресурстық орталығында төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Береке Саматтың қатысуымен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздарына арналған «Су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесу барысында судағы қауіпсіздік ережелері, шомылу кезінде сақталуы тиіс талаптар, төтенше жағдайлардың алдын алу жолдары және алғашқы көмек көрсету тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ, қатысушыларға рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың қауіптілігі түсіндіріліп, жаз мезгілінде су айдындарында орын алатын қайғылы оқиғалардың алдын алу бойынша маңызды кеңестер айтылды.

Іс-шараның мақсаты – жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, олардың төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын арттыру және судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіру болды. Кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, жастар өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды.