Елге қызмет – абыройлы міндет

Осындай атаумен Қаражал қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күні, Қазақстан полициясы күні, Сот қызметкерлері күні және Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған кең ауқымды салтанатты мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Аталған мерекелік жиынға мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау және сот саласының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, қала тұрғындары мен құрметті қонақтар қатысты.

Бұл басқосу – ел дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала мамандарының еңбегін ұлықтап, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мен абыройлы қызметін айшықтаған маңызды іс-шара болды.

Салтанатты жиын барысында Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов құттықтау сөз сөйлеп, барлық сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады.

– Бүгін біз ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерге, полиция қызметкерлеріне, сот саласының мамандарына және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ерекше құрмет көрсету үшін бас қосып отырмыз.

Мемлекеттік қызметшілер – халық пен билік арасындағы сенімді байланысты нығайтып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді.

Полиция қызметкерлері – қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі.

Сот қызметкерлері – әділдіктің тірегі, заң үстемдігін қамтамасыз ететін маңызды сала мамандары.

Ал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – қоғамдағы маңызды оқиғаларды дер кезінде жеткізіп, ашықтық пен шынайылықты қалыптастыратын рухани көпір.

Бүгінгі марапат – сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз бен кәсіби жетістіктеріңіздің лайықты бағасы деп білемін.

Бұл – елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді Айқын Қылышұлы.

Әкім өз құттықтауында жалпы қала дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі еленіп, мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтіп, барша қатысушыларға табыс, отбасыларына амандық және қызметтеріне сәттілік тіледі.

Шара барысында өңірдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.

Олардың көшін Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Анар Молдабаева бастады.

Ол Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Салтанатта сондай-ақ, Қаражал қаласының Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және түрлі номинациялар табысталып, үздіктердің еңбектері ерекше бағаланды.

Бұл марапаттар – өз ісіне адал, кәсіби біліктілігі жоғары мамандарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды.

Солардың қатарында біздің де әріптесіміз, газетіміздің техникалық редакторы – Айгүл Байпелованың болғанын да ерекше атап өту ләзім.

Ол қала әкімінің «БАҚ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясымен марапатталды.

Салтанатты кеште мемлекеттік қызмет, сот жүйесі, құқық қорғау органдары, салық және қазынашылық салалары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби жетістіктері кеңінен аталып өтілді.

Әр сала мамандарының ел игілігі жолындағы тынымсыз еңбегі мен жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Мерекелік жиынның соңы мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласып, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар көрермендерге көтеріңкі көңілкүй сыйлады.

Әсем ән мен күмбірлеген күй мерекелік кештің сәнін келтіріп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Осындай игі шаралар ел бірлігін нығайтып, түрлі сала мамандарының еңбегіне деген құрметті арттыра түсері сөзсіз.

Қаражал қаласында өткен бұл мерекелік кеш – елге адал қызмет етудің биік үлгісін көрсеткен тағылымды басқосу болды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ