Өмірі тағылымға толы тұлға

Қай қоғамда болмасын еңбек адамдарының орны ерекше. Әсіресе, мәдениет пен өнер саласына өмірін арнаған жандар ұлт руханиятының алтын діңгегіне айналады. Сондай тұлғалардың бірі – Жәйрем кентінің мәдени өміріне сүбелі үлес қосып келе жатқан Хапан Хизатхан. Ол – мәдениет майталманы, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз еңбек сіңірген ардагер

Хапан Хизатхан 1954 жылы 23 қарашада Моңғолия Республикасында дүниеге келген. Жоғары білім алып, ғұмырын өнер мен мәдениет саласына арнады.

Жалпы еңбек өтілі 47 жылды құрайтын болса, оның басым бөлігі мәдениетпен тығыз байланысты. Бұл – оның өз ісіне деген адалдығын және мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігін айқын көрсетеді.

Қазіргі таңда ол Жәйрем кентіндегі мәдени-сауық орталығында музыкалық жетекші қызметін атқарып, мол тәжірибесін жас ұрпаққа табыстап келеді.

Өнер саласындағы еңбек жолы мазмұнды әрі тағылымға толы. Ол «Асыл әже – ғасыр әже» ансамблінің музыкалық жетекшісі ретінде абыроймен қызмет атқарып, ұжымның шығармашылық деңгейін көтеруге зор үлес қосып келеді.

Сонымен қатар, оның жетекшілігіндегі «Домбыра – дастан» үйірмесі жас өнерпаздардың қабілетін шыңдап, ұлттық өнерге баулитын маңызды ортаға айналған.

Ұстаз ретінде ол шәкірттеріне тек музыка үйретіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп, өнерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастырып жүр.

Өнерлі жан баян аспабының шебері, әуезді дауысты әнші, әуесқой сазгер әрі ақын. Бірнеше өнерді қатар меңгеруі оның жанжақтылығын танытады.

Ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы оны әріптестері арасында құрметке бөледі. Ұжымда сыйлы, мінезі жайдары, жастарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер ретінде танылған.

Өнерпаз ағаның бойындағы қасиет тек өзімен шектелмей, ұрпағына жалғасқаны ерекше қуантады.

Отбасында 6 бала тәрбиеленіп, бүгінде 12 немере өсіп келеді. Ұлдары Еркінбек, Еркебек және Дәулетбек «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет атқаруда.

Соның ішінде Еркінбек Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы музыка колледжінің домбыра сыныбын тәмамдағанымен, еңбек жолын өндіріс саласында жалғастырған.

Ал Ғылымбек қазақтың ұлттық аспаптары – қобыз, шертер, шаңқобыз, сазсырнай және домбырада шебер ойнайтын өнерлі азамат. Ол – еліміздің түрлі өңіріне танымал, халық сүйіп тыңдайтын асаба.

Сахнадағы еркіндігі, сөз саптауы мен мәдениеті әкеден дарыған өнердің айқын көрінісі. Сонымен қатар, отбасында өлең шығарып, шығармашылықпен айналысу да жақсы дәстүрге айналған.

Әулеттің өнерлі жолын жалғастырып келе жатқан дарын иелерінің бірі – немересі Ерсұлтан. Ол домбыра тартып, ән салып, күй орындайтын қабілетті жас.

Халықаралық деңгейде де танылып үлгерген ол Болгария мен Түркия мемлекеттерінде өткен байқауларда өнер көрсетіп, Гран-при жүлделерін иеленген. Бұл – әулет өнерінің биік деңгейде бағаланғанының дәлелі.

Хапан Хизатханның еңбегі мемлекет және қоғам тарапынан жоғары бағаланған. Ол әр жылдары түрлі марапаттарға ие болды.

Атап айтқанда, 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай Қаражал қаласы әкімінің мадақтамасымен марапатталды.

2004 жылы Ақтөбе облысында өткен патриоттық әндер байқауында «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» медалін иеленді.

2013, 2015 және 2017 жылдары «Өнерге қосқан үлесі үшін» медальдерінің иегері атанса, 2017 жылы «Білім беру саласының үздігі» атағына қол жеткізді.

2021 жылы «Үздік автор» төсбелгісі табысталды.

2023 жылы Астананың 25 жылдығына орай «Қазақстанның Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталды.

2025 жылы салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасына ие болды.

Сонымен қатар, «Ұлытау үні» фестивалінің жүлдегері атанып, биыл Мәдениет қызметкерлері күніне орай Ұлытау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Еңбекқор жан ұлттық өнердің шынайы жанашыры. Оның еңбегі алған марапаттарымен ғана емес, тәрбиелеген шәкірттерімен және ұрпағына дарытқан өнерімен құнды.

Зейнет жасына жеткеніне қарамастан, ол мәдениет саласында белсенді еңбек етіп, жас буынға үлгі көрсетіп келеді.

Оның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге, ал өнерге деген адалдығы – баршаға үлгі.

Осындай тұлғалар арқылы ұлттық мәдениетіміз өркендеп, рухани құндылықтарымыз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Бетті әзірлеген Теректі ШАҒАТАЙ.