Қаражал қаласы – ашықтық пен адалдық алаңы

Қаражал қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда, біз Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізовпен сұхбаттасып, өңірдегі атқарылып жатқан нақты шаралар жөнінде әңгімелескен едік.

– Айқын Қылышұлы, қалада сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Бүгінде Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы аясында Қаражал қаласында нақты іс-қимыл жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс тек әкімшілік немесе құқықтық талаптарды орындаумен шектелмейді.

Оның түпкі мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесінде ашықтықты, әділдікті және жауапкершілікті нығайту, сондай-ақ, қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру.

Сыбайлас жемқорлық – тек құқық бұзушылық қана емес, ол мемлекеттің дамуына тікелей кедергі келтіретін күрделі әлеуметтік құбылыс. Ол ең алдымен қоғамдағы әділеттілік принципін бұзады, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін әлсіретеді және экономикалық дамудың қарқынын тежейді.

Қарапайым тілмен айтқанда, жемқорлық бар жерде тең мүмкіндік болмайды, ал тең мүмкіндік жоқ жерде даму да тежеледі. Сондықтан, Қаражал қаласында бұл мәселеге тек құқықтық тұрғыдан емес, кең ауқымды әлеуметтік-мәдени проблема ретінде қаралады.

Біз үшін ең маңыздысы – алдын алу. Яғни, кез келген тәуекелдің туындауына жол бермеу, ашықтықты қамтамасыз ету және шешім қабылдау үдерістерін барынша жария ету.

– Қадағалау және бақылау тетіктері қалай ұйымдастырылған?

– Бұл бағытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия тұрақты түрде жұмыс істейді. Комиссия отырыстары тоқсан сайын өткізіледі. Отырыстарда мемлекеттік органдардың атқарған жұмыстары талданып, тәуекелдер мен оларды азайту жолдары қарастырылады. Бұл – алдын алу шараларының маңызды бөлігі. Жалпы, қалада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жүйелі әрі тұрақты сипат алған.

Барлық мемлекеттік органдар бекітілген іс-қимыл жоспарына сәйкес жұмыс істейді. Әрбір салада тәуекелдерді ерте анықтау, оларды талдау және жою тетіктері енгізілген. Бұл – тек бақылау емес, сонымен бірге, басқару мәдениетін жаңғыртудың бір бөлігі.

Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың түпкі мақсаты – тек құқық бұзушылықтарды азайту емес, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру, әділетті қоғам қалыптастыру және әрбір азамат үшін тең мүмкіндік жасау. Қаражал қаласында осы бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады.

– Қоғамдық бақылау мен азаматтық мәдениетті дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды іске асыру мақсатында жыл сайын қаражат бөлініп отырады. Осы қаражат аясында 12 іс-шара өткізілді. Оның ішінде жастарға арналған антипараквест-квиз-челлендж, «Адал ойын – таза жеңіс» атты спорттық жарыстар, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қатысқан іс-шаралар бар.

Сонымен қатар, біз қоғаммен кері байланысты күшейтуге ерекше мән береміз. Өйткені, жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, ол – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Азаматтардың белсенділігі, ашық пікір айтуы және заң бұзушылықтарға бейжай қарамауы бұл бағыттағы ең тиімді құралдардың бірі.

– Қала тұрғындары арасында құқықтық мәдениетті арттыру қалай жүргізілуде?

– Біз үшін ең маңызды бағыттардың бірі – халықпен тікелей, ашық әрі жүйелі жұмыс жүргізу. Себебі, құқықтық мәдениет тек заңдарды білу ғана емес, ол – әр азаматтың өз құқығы мен жауапкершілігін түсінуі, қоғамдық тәртіп пен әділеттілік қағидаттарын саналы түрде қабылдауы. Осы бағытта қалада ауқымды түсіндіру және ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Соның бірі – «Заң мен тәртіп: әділ қоғам негізі» атты форум. Бұл іс-шараға 200-ге жуық адам қатысты. Форумның ерекшелігі – ол тек ресми баяндама алаңы емес, ашық пікір алмасу, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау кеңістігі болды.

Аталған форумда бірнеше маңызды тақырып кеңінен қаралды. Атап айтқанда, қаржылық қауіпсіздік мәселелері – азаматтардың алаяқтықтан қорғануы, жеке қаражатты басқарудағы тәуекелдерді азайту, сондай-ақ, цифрлық ортадағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесі терең талқыланды: пара беру мен пара алудың қоғамға, экономикаға және әлеуметтік әділеттілікке тигізетін ұзақ мерзімді зияны нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.

Бұдан бөлек, жастар тәрбиесі, заңға құрмет, қоғамдық тәртіпті сақтау және есірткі қылмысына төзбеушілік мәселелері де күн тәртібіне шығарылды. Форумның басты мақсаты – азаматтарға ақпарат беру ғана емес, олардың құқықтық санасын көтеру, кез келген заң бұзушылыққа бейжай қарамау мәдениетін қалыптастыру болды.

Қатысушылар тарапынан да көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылып, бұл диалог форматының тиімділігін көрсетті.

Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті арттыруда «Парасат жолы» орталығының рөлі ерекше. Бұл орталық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің базасында жұмыс істейді және оның негізгі бағыты – қоғамда адалдық, әділдік және парасаттылық құндылықтарын кеңінен насихаттау.

«Парасат жолы» аясында тек ақпараттық жұмыстар ғана емес, түрлі форматтағы кездесулер, дәрістер, жастармен диалог алаңдары ұйымдастырылады. Мұнда белгілі қоғам қайраткерлері, педагогтар, заң саласының мамандары шақырылып, адал еңбек, заңға құрмет, жемқорлықтың алдын алу мәдениеті туралы нақты мысалдармен түсіндіреді.

Ерекше назар жастарға аударылады, себебі, құқықтық мәдениет ең алдымен жас ұрпақтың санасында қалыптасуы тиіс.

Жалпы алғанда, бұл жұмыстардың барлығы бір мақсатқа бағытталған – қоғамда заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және адалдық пен әділеттілікке негізделген орта қалыптастыру.

– Мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыру үшін қандай тетіктер енгізілген?

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – мемлекеттік басқарудың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қағидаттардың бірі. Оның негізгі мәні – азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын дер кезінде қабылдап, оларды шешу процесін барынша ашық, түсінікті және қолжетімді ету.

Қаражал қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта әкімдік ғимаратында азаматтарды қабылдау орталығы жұмыс істейді.

Бұл орталықтың басты міндеті – тұрғындардың өтініштерін бір терезе қағидаты бойынша қабылдап, оларды тиісті мемлекеттік органдарға жедел бағыттау және қаралу барысын бақылауда ұстау. Яғни, азамат пен мемлекеттік орган арасындағы байланысты жеңілдетіп, бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

Аталған орталықтың тағы бір маңызды қыры – ашықтық. Әрбір азамат өзінің өтініші қай сатыда қаралып жатқанын біле алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға деген сенімді арттырып, шешім қабылдау процесінің әділ әрі түсінікті болуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, қала аумағында 14 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы орнатылған. Бұл – мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және қолжетімділікті арттыру бағытындағы нақты қадам.

Мұндай бұрыштар арқылы тұрғындар түрлі анықтамаларды алу, өтініш беру, электрондық қызметтерді пайдалану сияқты операцияларды өз бетінше, жылдам әрі ыңғайлы түрде орындай алады.

Бұл жүйенің негізгі мақсаты – азаматтардың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету және қызмет көрсетудің сапасын арттыру. Бұрынғыдай ұзын-сонар кезек пен қағазбастылықты азайтып, цифрлық форматқа көшу – қазіргі заман талабына сай шешім.

Жалпы алғанда, бұл бастамалар Қаражал қаласында мемлекеттік басқарудың ашықтығын күшейтіп, азаматтар мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Ең бастысы – әрбір тұрғын өзін тыңдалатын, мәселесі ескерілетін және нақты шешім табатын қоғамда өмір сүріп жатқанын сезінуі.

– Комплаенс бақылау жүйесі қалай жұмыс істеуде және оның мәні неде?

– Комплаенс бақылау жүйесі – бұл мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында заң талаптарының, ішкі тәртіп ережелерінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің қатаң сақталуын қамтамасыз ететін ішкі бақылау тетігі.

Қарапайым тілмен айтқанда, комплаенс – ұйым ішіндегі «заңдылық пен адалдық сақшысы» деуге болады. Оның негізгі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу, тәуекелдерді ерте анықтау және кез келген заңсыз әрекетке жол бермеу.

Қаражал қаласында бұл жүйе кезең-кезеңімен енгізіліп, нақты нәтижеге бағытталған түрде жұмыс істеп келеді. Бүгінде қаладағы 8 мемлекеттік мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау тұрақты түрде жүргізілуде.

Мұндай талдау арқылы әрбір басқару процесі, шешім қабылдау тетіктері және қаржылық операциялар егжей-тегжейлі сарапталады. Егер қандай да бір тәуекел немесе әлсіз тұс анықталса, ол бірден тиісті органдарға жолданып, алдын алу шаралары қабылданады.

Сонымен қатар, 4 квазимемлекеттік мекемеде арнайы комплаенс офицерлері бекітілген. Бұл мамандардың негізгі міндеті – ұйым ішіндегі барлық процестердің заңға сәйкестігін қадағалау, қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету.

Комплаенс жүйесінің ең маңызды артықшылығы – ол тек құқық бұзушылық болғаннан кейін әрекет ететін емес, керісінше, мәселе туындамай тұрып оның алдын алатын механизм. Яғни, бұл – жазалаудан гөрі алдын алуға негізделген заманауи басқару тәсілі.

Осылайша, Қаражал қаласында комплаенс бақылау жүйесі мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, шешім қабылдау процестерін барынша әділ және жауапты етуге ықпал етуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін күшейтетін маңызды құрал болып отыр.

– Құқық бұзушылықтардың жағдайы қандай?

– Өңір бойынша 2025–2026 жылдары сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Бұл көрсеткіш – бір реттік нәтиже емес, ұзақ уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан жүйелі профилактикалық, түсіндіру және бақылау жұмыстарының жемісі деп бағалаймыз.

Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда ішкі бақылау тетіктері күшейтілді, комплаенс жүйесі енгізілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты түрде ішкі талдау жүргізілуде.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына тұрақты мониторинг жасалып, профилактикалық түсіндіру кездесулері жиі ұйымдастырылып келеді. Осындай кешенді шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға тікелей ықпал етіп отыр.

Дегенмен, ең маңыздысы – біз бұл нәтижеге тоқмейілсіп отырған жоқпыз. Себебі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бір реттік науқан емес, ол үздіксіз жүргізілетін жүйелі процесс.

Қоғам мен мемлекеттік басқару үнемі өзгеріп отыратындықтан, жаңа тәуекелдер де пайда болуы мүмкін. Сондықтан, алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жаңартылып, жетілдіріліп отырады.

Біздің негізгі ұстанымымыз – тек құқық бұзушылықты анықтау емес, оның мүлде орын алуына жол бермеу. Осы мақсатта ашықтықты арттыру, шешім қабылдау процестерін цифрландыру, қоғамдық бақылауды күшейту және азаматтардың белсенділігін қолдау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Яғни, қазіргі жағдай оң нәтиже көрсеткенімен, басты мақсат – осы деңгейді сақтап қана қоймай, сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік мәдениетін толық қалыптастыру.

– Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларына қатысты не айта аласыз?

– Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәселесі – мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Осыған байланысты Қаражал қаласында бұл бағытқа ерекше назар аударылып отыр. Әдеп нормалары тек формалды талап ретінде емес, күнделікті қызмет мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады.

Қалада мемлекеттік қызметшілер үшін тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары, оқыту семинарлары, профилактикалық кездесулер және ақпараттық-насихаттық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бұл іс-шаралардың мақсаты – әрбір қызметкердің заң талаптарын ғана емес, сонымен бірге кәсіби этика мен қызметтік жауапкершілік қағидаттарын терең түсінуін қамтамасыз ету.

Мемлекеттік қызметте ашықтық, әділдік және азаматтарға құрметпен қарау – басты талап. Осы қағидаттарды сақтау арқылы ғана мемлекеттік органдарға деген қоғам сенімін арттыруға болады. Сондықтан, әрбір қызметкердің мінез-құлқы, шешім қабылдау мәдениеті және азаматтармен қарым-қатынасы тұрақты бақылауда әрі назарда.

Нәтижесінде, есепті кезеңде мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларын бұзу фактілері тіркелген жоқ. Бұл – бір жағынан жүйелі профилактикалық жұмыстың нәтижесі болса, екінші жағынан ұжым ішіндегі жоғары жауапкершілік пен тәртіптің көрсеткіші.

Жалпы алғанда, Қаражал қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тек бақылау немесе жазалау тетігі ретінде емес, кең мағынадағы басқару мәдениетінің бір бөлігіне айналып келеді. Бұл жерде басты ұстаным – ашықтық, есептілік және адалдық.

Біз үшін ең маңыздысы – заңның үстемдігі мен қоғамдағы әділеттілік қағидатын қамтамасыз ету. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, азаматтардың билікке деген сенімін нығайтуға қызмет етеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.