Балалар – еліміздің жарқын болашағы, қоғамның ең қымбат қазынасы. Әр бүлдіршіннің шат күлкісі мен бақытты балалық шағы – баршамыздың басты мақсатымыз.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында балабақшамыздағы тәрбиеленушілердің жетістіктері мен топ өмірі туралы бөлісуді жөн көрдік.
Біздің балабақшадағы әр күн балалар үшін қызықты жаңалықтарға, ізденістер мен шығармашылыққа толы өтеді. Топтағы бүлдіршіндер бір-бірімен достасып, үлкенді құрметтеуді, қоршаған ортаға қамқор болуды үйренеді. Ойын арқылы білім алып, түрлі іс-шараларға белсенді қатысады.
«Жұлдыз» тобында қазіргі таңда 20 тәрбиеленуші бар. Оның ішінде 15 ұл бала және 5 қыз бала тәрбиеленуде. Әр баланың мінезі мен қызығушылығы әртүрлі болғанымен, олар бір-бірімен тату-тәтті араласып, достық пен сыйластықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Біздің топта әр баланың ерекшелігі мен қабілетіне мән беріледі. Бірі ән айтып, би билеуге құмар болса, енді бірі сурет салып, қолөнер жасауды жақсы көреді. Тәрбиеші ретінде балалардың бойындағы талантты байқап, оны дамытуға жағдай жасау – басты міндетіміздің бірі.
Жыл бойы тәрбиеленушілеріміз түрлі мерекелік іс-шараларға, байқаулар мен іс-әрекеттерге қатысып, өздерінің білімдері мен өнерлерін көрсетті.
Әсіресе, топтағы балалардың ұйымшылдығы мен достығы бізді қуантады. Олар бір-біріне көмектесіп, қуанышты да, жетістікті де бірге бөлісуді үйреніп келеді.
Балалардың дені сау, білімді, тәрбиелі болып өсуі – ата-ана мен тәрбиешінің ортақ еңбегінің нәтижесі. Сондықтан, біз әрдайым ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істеп, бала тәрбиесіндегі ынтымақтастықты нығайтуға күш саламыз.
Балаларды қорғау күні – әр бүлдіршіннің бақытты өмір сүруге, сапалы білім мен тәрбие алуға құқығы бар екенін еске салатын ерекше мереке. Барша балаларға шаттыққа толы балалық шақ, жарқын болашақ және биік белестер тілейміз!
Алмагүл БАЯЗИТОВА,
«Балбөбек» бөбекжайының тәрбиешісі.
