Табиғат – адамзаттың алтын бесігі, ал оның тазалығы – ортақ болашағымыздың кепілі. Осы бір асыл құндылықты ұлықтап, қоғамның экологиялық санасына қозғау салу мақсатында Орталық кітапхана алаңында «Экология сағаты» атты өнегесі мол, ақпараттық-танымдық акция жалауын желбіретті.
Кең ауқымды шараның басты мұраты – әрбір жүрекке табиғатқа деген жанашырлық ұрығын сеуіп, қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау мәдениетін қалыптастыру болды.
Жиын барысында жиналған қауымға табиғат-ананы аялаудың өмірлік маңызы, экологиялық жауапкершілік пен күнделікті тұрмыстағы тазалық әліппесі кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар кітапхана маңын қоқыстан тазартып, жиналған қалдықтарды қайта өңдеу арқылы түрлі пайдалы әрі ерекше бұйымдар жасап шығарды.
Бұл жүздесу жай ғана ақпарат берумен шектелмей, еркін пікір алмасатын, қоғамның үніне құлақ түретін ашық сұхбат алаңына айналды. Шараға белсене қатысқан тұрғындар мен жалынды жастар қоршаған ортаны қорғауға қатысты өздерінің толғақты ойлары мен пайымды ұсыныстарын ортаға салып, табиғатты ардақтауға бағытталған игі бастамаларға біркісідей қолдау білдірді.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай парасатты шаралар – бір күндік науқан емес, тұрақты жалғасын табатын үлкен үрдістің басы. Себебі, қоғамда жоғары экологиялық мәдениетті сіңіру және өскелең ұрпақты табиғаттың нағыз жанашыры етіп тәрбиелеу – ертеңгі таза да нұрлы болашағымыздың іргетасы.
«Жер-Ананы аялағанды – жер де аялайды» деген аталы сөзді ту еткен шара қатысушыларға ерекше серпін беріп, әр адамды өз ауласы мен өз өлкесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндеді.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
