Тарих тағылымы – ұлт жадындағы жазылмас жара

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл – қазақ халқының ХХ ғасырдағы ең қасіретті кезеңдерін еске алып, жазықсыз жапа шеккен боздақтардың рухына тағзым ететін күн. Ұлт тарихындағы нәубет жылдарды ұмытпау – тек өткенге құрмет емес, болашақ алдындағы жауапкершілік.

Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы үндеулерінің бірінде: «Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық», – деп атап өткен болатын. Бұл сөздер халқымыздың тарихи жады мен рухани беріктігінің маңызын айқын көрсетеді.

Қуғын-сүргін: ұлт зиялыларын жою саясаты

Кеңестік тоталитарлық жүйенің қазақ халқына қарсы жүргізген саясатының ең ауыр көріністерінің бірі – саяси қуғын-сүргін болды. 1930–1950 жылдары Қазақстан аумағында 100 мыңнан астам адам қуғындалып, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Әсіресе, 1937–1938 жылдар «Үлкен террор» кезеңі ретінде тарихта қалды.

Сол зұлматта қазақтың бетке ұстар зиялылары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды арыстар халық жауы атанып, жазықсыз жазаға ұшырады. Кеңестік биліктің түпкі мақсаты – ұлттың рухани тірегін әлсірету, азат ойлы азаматтарды жою еді.

Қазақстан аумағында Карлаг, Степлаг, АЛЖИР секілді лагерьлер құрылып, онда миллиондаған адам азап шекті. Әсіресе, «халық жауларының әйелдері» атанған мыңдаған аналардың тағдыры – адамзат тарихындағы ең ауыр трагедиялардың бірі.

Ашаршылық: қолдан жасалған қасірет

Қазақ халқы ХХ ғасырда екі бірдей алапат ашаршылықты бастан өткерді. 1919–1922 жылдардағы алғашқы аштық азамат соғысы, азық-түлік саясаты және індеттердің салдарынан туындаса, 1930–1933 жылдардағы нәубет – кеңестік ұжымдастыру саясатының тікелей салдары болды.

Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, 1930–1933 жылдары 1,5–2 миллионнан астам қазақ қырылған. Кейбір зерттеулер қазақ халқының жартысына жуығы аштықтан көз жұмғанын көрсетеді. Бұл – демографиялық апат қана емес, ұлттық құрылымға ауыр соққы болды.

Мал-мүлкінен айырылған халық босып кетті. Мыңдаған отбасы Қытайға, Моңғолияға, Өзбекстанға, Ресейге ауа көшті. Дәстүрлі көшпелі өмір салты күйреп, халықтың әлеуметтік және мәдени болмысы өзгеріске ұшырады.

Аштық тек экономикалық апат емес, рухани трагедияға айналды. Ата-анасынан айырылған балалар, босқынға айналған отбасылар, тұтас әулеттердің жойылуы халық жадында мәңгі сақталды.

Өткенді ұмытпау – болашақ алдындағы парыз

Тәуелсіз Қазақстан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне ерекше мән беріп келеді. 1993 жылы қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң – тарихи әділеттілікті қалпына келтірудегі маңызды қадам болды.

Кейінгі жылдары Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, көптеген архивтік құжаттар қайта зерттелді. Бұл жұмыстар ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды ашуға мүмкіндік берді.

Тарихтағы зұлмат жылдарды есте сақтау – ұлттың санасын жаңғыртудың маңызды бөлігі. Қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу арқылы біз тәуелсіздіктің қадірін терең түсінеміз. Бүгінгі бейбіт өмір мен егемендік – миллиондаған боздақтардың құрбандығы мен халқымыздың төзімінің жемісі.

Сондықтан, жас ұрпақ тарихты білуі, одан тағылым алуы тиіс. Өткеннің қасіретін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр болмақ.

31 мамыр – тек аза тұту күні емес. Бұл – ұлттық жадыны жаңғыртып, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің құнын ұғындыратын тағылым күні.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ