Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 81 жыл толуы – адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болған сұрапыл жылдарды тағы бір еске түсіретін маңызды белес.
Бұл – жай ғана тарихи дата емес, миллиондаған тағдыр тоғысқан, небір арман мен үміттің отқа оранған кезеңінің айнасы. Қаншама боздақтар Отан үшін отқа түсті, қаншама ана қара жамылып, қаншама бала әкесіз қалды.
Алайда, сол зұлмат жылдардың қаһармандары елге ең асыл құндылық – бейбітшілік пен еркіндікті аманат етті.
Бүгін сол батырлардың өзі арамызда болмаса да, олардың ерлігі мен өр рухын сақтаған ұрпақтары бар. Солардың бірқатары Жәйрем кентінде, олар ата-бабаларының өмір жолын сағынышпен еске алып, мақтанышпен жеткізуде.
Молдахан Әліұлы – 17 жасында майданға аттанған жас сарбаз
Молдахан Әліұлы Алин соғыс басталған жылдары небәрі 17 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылып, от пен оқтың ортасына түсті.
Алғашқы әскери қызметін шекара әскерінде бастап, кейін кіші сержанттар курсын аяқтап, майданға өз еркімен сұранып аттанды.
Батыс Украина аумағында бір жыл тоғыз ай бойы аса қауіпті әскери операцияларға қатысып, бандерлік топтарға қарсы күресте ерекше көзге түсті. Орман-тоғайларда жасырынған жау топтарына қарсы жүргізілген күрес – сол кезеңнің ең ауыр әрі қатерлі міндеттерінің бірі еді.
Молдахан атамыз сол қиындықтың бәрін еңсеріп, соғыстан абыроймен оралып, «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталды.
Бейбіт өмірде де ел дамуына үлесін қосып, Жәйрем өңірінің қалыптасуына еңбек сіңірген ардагердің артында 13 баладан тараған үлкен әулет қалды.
Бүгінде оның ұрпақтары «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек етіп, ата жолын жалғастырып келеді.
Әйткен Диқанов – өлімнен аман қалған партизан
Әйткен Елубайұлы Диқанов та 17 жасында соғысқа аттанған. Ол Москваны қорғау бағытындағы және Беларусь, Прибалтика жерлеріндегі ауыр шайқастарға қатысқан.
1943 жылы жауынгер отырған үйге бомба түсіп, бәрі қаза тапты деген есеппен жерлеуге дайындалғанда, бір медицина қызметкері оның тірі екенін байқап, өмірін сақтап қалады. Бұл – нағыз ажалдан аман қалу еді.
Кейін майданнан бөлініп қалған Әйткен атамыз партизан отрядына қосылып, «Никита» деген атпен жауға қарсы күресін жалғастырады.
Соғыстан кейін де елге қызмет етіп, журналистика саласында еңбек етіп, бірнеше орден-медальдарға ие болды.
Дәулетбек Мұстафаұлы – қайсар жауынгер, дана әке
1908 жылы дүниеге келген Дәулетбек Мұстафаұлы 1941 жылы 33 жасында соғысқа аттанып, кавалерия құрамында майдан даласын кешті.
Украина, Польша, Германия жерлерінде шайқастарға қатысып, ауыр жараланғанына қарамастан майданға қайта оралып, Жеңіс күнін қарсы алды.
Соғыстан кейін де ел еңсесін көтеру ісіне белсене қатысып, шаруашылық қызметтер атқарды.
Қаражал қаласының Құрметті азаматы атанған ол – тек жауынгер ғана емес, үлкен тәрбиеші әке болған жан.
Оның ұрпақтары бүгінде Жәйрем өңірінің экономикасы мен өндірісінде еңбек етіп, әке аманатын жалғастырып отыр.
Рүстем Төребеков – тағдыр сынынан өткен өмір
1912 жылы дүниеге келген Рүстем Төребеков ашаршылық жылдардың ауыр зардабын көріп, бала кезінен қиындықпен өсті.
Соған қарамастан, 1941 жылы ел қорғауға аттанып, жеңіске дейін майдан даласында болды.
Соғыстан кейін ұстаздық жолды таңдап, талай шәкірт тәрбиеледі. Оның өмірі – тек соғыс емес, халыққа қызмет етудің үлгісі.
Бүгінде оның әулеті үлкен шаңыраққа айналып, ұрпақтары елдің әр саласында еңбек етуде.
Әбілдә Ержанов – жарақатпен оралған жауынгер
1941 жылы соғысқа аттанған Әбілдә Ержанов Ленинград маңындағы Волхов майданында соғысып, 1943 жылы ауыр жараланып елге оралады.
Соғыстан кейін түрлі басқару қызметтерін атқарып, Жәйрем кенішінде еңбек етіп, ел дамуына үлес қосты.
Оның еңбекқорлығы мен адалдығы бүгінгі ұрпағы үшін үлкен үлгі болып қалды.
Дәужан Жүнісов – бір әулеттің тірегі
1906 жылы дүниеге келген Дәужан Жүнісов соғысқа бауырларымен бірге аттанып, пулеметші ретінде жауға қарсы шайқасты.
1943 жылы ауыр жарақат алып елге оралды.
Ал оның бауыры Қыстаубай соғысты соңына дейін өткеріп, кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан.
Дәужан атамыздан тараған әулет бүгінде бірнеше буынды қамтитын үлкен ұрпаққа айналып, олардың көпшілігі «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өндірісінде еңбек етіп жүр.
Соғыс – тарихтың ең ауыр беттері. Ол – тек шайқас емес, адамзаттың үлкен қайғысы, үлкен сынағы.
Біз бүгін бейбіт аспан астында өмір сүріп отырсақ, ол – осындай батырлардың арқасы. Олар өз өмірін құрбан етіп, бізге тыныштық сыйлады.
Сол себепті, сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады.
Батырлардың есімдері архив беттерінде ғана емес, халық жадында, ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталады.
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
