Тәжірибелі тәлімгер Жанат ӨСЕРБАЕВА қазақтың бір дана нақыл сөзін жиі қайталайды: «Ұстаздан шәкірт озады». Ол «Жәйрем» КБК АҚ тау-кен жұмыстарын жоспарлау бөлімінің жетекші инженер-жоспарлаушысы ретінде жас қызметкерлердің жоғары санатты маман болып қалыптасуына ықыласпен көмектесіп келеді
Жанат Жақсымбетқызының көптеген шәкірттері бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп, жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүргені бекер емес. Мәселен, жиені Мейрамбек Өсербаев өзінің кәсіби еңбек жолын оның жетекшілігімен бастаған ынталы оқушыларының бірі, бүгінгі күні «Западный» карьерінде маркшейдер болып он жылдан астам еңбек етіп келеді.
– Отбасылық кәсібімізді жалғастырып келеді, – Жанат Өсербаева жиені туралы осылай деп мақтанышпен айтады.
Тағы бір шәкірті Әсет Дәуленбаев та жоғарғы санатты маркшейдер, тіпті, кейбір жағынан тәлімгерінен асып түсті – тау-кен жұмыстарын жоспарлау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүр, жалпы, қазір кейіпкеріміздің тікелей жетекшісі.
Жанат Жақсымбетқызы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Әкесі колхозда жүргізуші болып жұмыс істесе, анасы медбике болған. Мектеп бітірген соң бойжеткен Жезқазған тау-кен техникумына оқуға түседі. 1987 жылы Жәйремге жолдамамен келеді. Кейін Алматыдағы ҚазҰТУ-ға түсіп, оны табысты тәмамдап, маркшейдер мамандығын алады.
Жанат Өсербаеваның үздіксіз еңбек өтілі 35 жылға жетті. Бұл жылдары маркшейдер және «Үшқатын-3» карьерінде аға маркшейдер, «Казцинктің» Жәйрем бөлімшесінде бас маркшейдердің орынбасары қызметтерін атқарды. 2012 жылдан бүгінгі күнге дейін «ЖКБК» АҚ тау-кен жұмыстарын жоспарлау бөлімінің жетекші инженер-жоспаршысы.
«Мамандық таңдауда сізге кім көмектесті?» деген сауалға Жанат Жақсымбетқызы былайша жауап берді:
– Менің өмірлік кәсібімді таңдауыма ағам Құлмахан Аралбаев ықпал етті. Ол Рудник кентіндегі шахтада маркшейдер болып жұмыс істеді, Жезқазған тау-кен техникумында сабақ берді. Мен оның жолын қуып, соған сәйкес білім алдым.
– Бұл жұмыс ауыр ма?
– Иә, оңай емес. Ауыр құрылғыларды иығыма асып жүріп, карьер шетінен төмен түсуге тура келді. Мұндай жұмыс, әрине, әлсіз әйелдер үшін емес. Ол кезде бәрін қолмен жасау керек болды – сызғыштар, қарындаштар, планшеттер, тіпті, кальканы да пайдаландық. Қималарды сиямен сызып жүрдік.
Қазір барлығы электронды, цифрлы түрде бағдарламаланған қалыпқа өзгерді. Жаңа ғылыми жетістіктерге таңданасың, қуанасың. Барлық жұмыстарды 3D форматында, көлемді түрде көруге болады. Біз «Surpac» бағдарламасында түсіру нәтижелерін өңдейміз.
Жанат Өсербаева инженер-жоспарлаушы ретінде жобалар жасайды, жұмыс бағдарламаларын жазады, есептер мен өндіріс жоспарларын құрады, тоқсандық және айлық тау-кен көлемінің оңтайлы нұсқаларын анықтайды, істің нақты орындалуын бақылайды.
«ЖКБК» АҚ басшылығынан Жанат Жақсымбетқызы бірнеше рет Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар алды.
– Жас мамандарға айтар қандай тілегіңіз бар?
– «Казцинкте» жастардың дамуына барлық жағдай жасалған. Кәсіпорынның қаржылай қолдауымен оқуға түсіп, кейін жақсы жұмысқа орналасуға болады. Жас мамандар үшін жаңа компьютерлер, графикалық станциялар, ыңғайлы офистер қарастырылған. Тек қана үйренуге ұмтылыс болу керек, ал қалғанының бәрі дайын.