Жүлдемен оралған «Акцент»

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жастары Өскемен қаласында «Казцинк» компаниясының бөлімшелерінің арасында ұйымдастырылған Көңілді тапқырлар клубының финал ойынына барып жүлдемен оралды.

КТК финалы – эстрада шеңберінен шығып, сахнаны толыққанды театрлық кеңістікке айналдыратын ерекше мәдени оқиға. Бұл кеш интригаға, серпінді ырғаққа және тыңдарманды бірден баурап алатын дәл әрі уәжді әзілдерге толы болды. Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының көрермен залында жиналған көрермендер үшін күлкі жасанды болмады – ол сахнадан айтылған әр ойдың табиғи жалғасына айналды.

«Казцинк» компаниясы бұл жолы да маңызды тақырыптарды әзіл арқылы ашық, батыл және шынайы жеткізе алатын командалардың басын қосты. Финалға жету жолы жеңіл болған жоқ. Командалар бірнеше ай бойы іріктеу кезеңдерінен өтіп, 1/8 финал, ширек финал және жартылай финал сындарынан сүрінбей өтті. Нәтижесінде шешуші ойында ең мықты төрт команда бас қосты. Солардың қатарында Жәйрем жастарының да болуы біз үшін үлкен қуаныш болды.

Залдағы атмосфераны күту мен толқу сезімі айқындап тұрды. Ойын форматы дәстүрлі болғанымен, мазмұны жағынан ерекшеленді. Алғашқы кезең – «Уайымсыз күн кешіп жүргенбіз, кенеттен – жұма, 13!» атауымен ұсынылған визитка. Одан кейін үш ойыншыдан аспайтын құрамда өткен «Gender party» тақырыбындағы СТЭМ. Ал финалдық байқау – музыкалық сүйемелдеумен, ән мен би элементтерімен өрілген үй тапсырмасы болды. Дәл осы бөлім командалардың жалпы нәтижесіне шешуші ықпал етті.

Жәйрем намысын қорғап барған «Акцент» командасы дәл осы үшінші кезеңде қазылар алқасының ең жоғарғы ұпайларына ие болды. Әзілдің тақырыптық ауқымы кең болды. Қатысушылар әріптестік қарым-қатынасты, басшылықпен байланысты жайттарды, өндірістегі күнделікті шындықты, еңбек қауіпсіздігін, кәсіподақ қызметін, «Торпедо» хоккей клубына деген жанкүйерлік ықыласты және қалалық мәселелерді әзіл тілімен көтере білді. Көрермендер бұл айтылған дүниелерден өз өмірінің көріністерін танып, сахнадағы ойларға бірден үн қатты.

Алайда, қойылымдар тек күлкімен шектелмей, маңызды әлеуметтік және корпоративтік құндылықтарды да қозғады. Сабақтастық, өндірістік әулеттер, компаниямен бірге қалыптасқан еңбек жолы – осының барлығы миниатюралардың мазмұнын тереңдете түсті. Сыйлық қоры да назардан тыс қалған жоқ. Қазылар алқасы ойын барысында жүлделердің маңызын арттыра түсті. Сахнада – жоғары деңгейде дайындалған командалар, ал залда – эмоция мен шынайы тартыс сезімі үстем болды.

Финалдық кезеңде барлық командалар марапатсыз қалмады. Дегенмен, жүлделі орындар үшін бәсеке ерекше тартысты өтті. І орынды Риддер қаласының «Запаска» командасы иеленсе, ІІ орын Өскемен қаласының «Шығыс экспресі» командасына бұйырды. Ал Жәйрем кен байыту комбинатының намысын қорғаған «Акцент» командасы ІІІ орынды қанжығалап қайтты.

Жәйремдік ұжым финалдық ойында өзін ұйымшыл, креативті әрі заманауи көзқарастағы команда ретінде көрсете білді. Ал кәсіподақтың арнайы жүлдесі Алтай қаласының «Алтын жила» командасына табысталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімін «Казцинк» компаниясының бас директоры Жанат Жанботин жүргізді. Өз сөзінде ол командаларға ойын үшін алғыс білдіріп, КТК-ның тек сахналық өнер ғана емес, сонымен қатар жастарды дамытатын, бірлікке ұйыстыратын және корпоративтік рухты нығайтатын маңызды алаң екенін атап өтті.

Қатысушылар үшін бұл финал тек көпшілік алдында өнер көрсету емес, жеке тәжірибе мен кәсіби сынақтың бір бөлігіне айналды. Ал қазылар алқасының пікірінше, ойын барысынан шығармашылық еркіндік, актерлік шеберлік және шынайы энергия анық сезілді.

Осылайша, «Казцинктегі» КТК кезекті мәрте қарапайым сайыстан әлдеқайда ауқымды мәнге ие екенін көрсетті. Бұл – қызметкерлердің күнделікті өндірістік рөлінен шығып, өзін жаңа қырынан таныту мүмкіндігі. Көрермендердің ықыласына қарап, мұндай кештердің мұнда әрдайым күтілетіні анық.

Теректі ШАҒАТАЙ.