Жедел штаб құрылды

Елімізде эпидемиологиялық ахуал қалыпты. Әйтсе де көңіл көншітерліктей емес. Мамандардың айтуынша, сырқат жұқтырғандар саны әлі де арта түсуі мүмкін. Біздің Ұлытау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 336 адамға жеткен. Кеңейтілген аппарат жиынында аймақ басшысы Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ осы мәселеге қатысты жауапты мамандарға нақтыланған тапсырмалар берді.

– Бүгінгі күні облыс – «жасыл аймақта». Дегенмен, бұл – босаңситын шақ емес. Дерттің жұғуы өрши түскен жағдайда дәрі-дәрмек қоры мен жатын орындар дайын тұруы қажет, – деді облыс әкімі.

Маусым айының соңғы күніндегі мәлімет бойынша аймақ аумағында 336 адам инфекция жұқтырған. Облыс халқы санының аз екенін ескерсек, мұндай көрсеткішпен өңір «жасыл аймақтан» шығып қалуы әбден мүмкін. Осыған орай, Берік Әбдіғалиұлы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Болат Қалмағанбетовке сақтық шараларының алгоритмін әзірлеп, ұсыну туралы тапсырма берді және короновирус індетіне қарсы әрекет ету жөніндегі жедел штаб құру қажет екенін қадап айтты. Штаб басшысының міндетін атқару облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсеновке жүктелді. Жиын барысында індеттің алдын алу, ұжымдық қалқан қалыптастыру және басқа да сақтық шараларын қолға алу жайы кеңінен сөз болды.

– Індеттің алдын алудың бірден бір жолы – вакцинация. Сондықтан тұрғындарды қайта вакцинациялау жұмыстарын жандандыру қажет. Осы жылдың 31 маусымы күнгі мәлімет бойынша өңірде 53 317 адам қайта вакцинациялаудан өткен. Қазір егумен қамту көрсеткіші тәулігіне 198 адамды құрап отыр. Ал, жоспар бойынша ол 104 182 адам болуы тиіс. Бұл шараны ширатуды жедел штаб басшысына тапсырамын, – деді өңір басшысы.

Дәрі-дәрмек қоры назардан тыс қалмауын атап өткен облыс әкімі жауапты тұлғаларға дәрілердің дәріханаларға уақытылы жетуін, өңірге бөлінген дәрі көлемінің кедергісіз жеткізілуін тағы бір пысықтауды міндеттеді.

– Ал, алдағы жылдан бастап, дәрі-дәрмек сақтайтын қордың филиалы өңірде бөлек болуы қажет. Осыған орай, тиісті шараларды бүгінгі күннен қолға алған жөн. Өйткені, қыста аурудың өрши түсетіні анық, – деп түйіндеді сөзін Берік Әбдіғалиұлы.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ