Ұлытау облысында байдарка және каноэде есу бойынша мамандандырылған мектеп ашылды

Жезқазған қаласында байдарка және каноэде есу спорт түрі бойынша спортшыларды даярлауға арналған жаңа спорт мектебі пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған екі қабатты ғимарат спортшылардың жан-жақты дайындалуына қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда теориялық сабақтарға арналған оқу кабинеттері, жаттығу залдары, душ және киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған.

Бұған дейін өңір спортшылары аталған спорт түрімен тек жаз мезгілінде ғана шұғылдана алатын болса, жаңа мамандандырылған нысанның ашылуымен енді жыл бойы жаттығу өткізуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар қыс мезгілінде ескекшілерге шаңғы спорты арқылы жалпы дене дайындығын жетілдіруге жағдай жасалған. Бұл спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға және республикалық әрі халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне берік негіз болмақ.

Ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков есу спортының өңір үшін тарихи тамыры терең әрі маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Есу спорты өлкеміздің спорт тарихында лайықты орын алады және көптеген дарынды спортшыларды тәрбиеледі. Жаңа мектептің ашылуы – игі дәстүрдің жалғасы. Біз жас спортшылардың кәсіби өсуіне және халықаралық аренада табысты өнер көрсетуіне барлық қажетті жағдайды жасай береміз», – деді өңір басшысы.

Айта кетейік, бүгінде Ұлытау облысында 9 жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, спорт инфрақұрылымы 25 пайызға жаңартылды. Бұл – бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.