«Нұр» мешітінде Құран жарысы өтті

Өткен аптада қаламыздың орталық «Нұр» мешітінде оқу-ағарту бағытында шәкірттер арасында Құран Кәрімнің зәм сүрелерін жатқа оқу бойынша тағылымды жарыс ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – шәкірттердің Құранға деген сүйіспеншілігін арттыру, жаттау қабілетін шыңдау және ілімге деген ынтасын күшейту.

Рухани сайысқа қатысқан барлық шәкірттер жоғары дайындықпен келіп, белсенділік танытты. Әрбір талапкердің ынтасы мен талпынысы көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Жарыс қорытындысын әділ бағалау үшін қазылар алқасы құрамында қаламыздың бұрынғы имамы, талай шәкірт тәрбиелеген Дулат Дайыр ұстаз, бас имам Талғат Советов және медресе ұстазы Төлеухан ұстаз төрелік етті. Сайыс нәтижесінде үздік деп танылған шәкірттер арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, қаржылай сертификаттарға ие болды. Атап айтқанда, І орынды иеленіп, 20 мың теңгелік сертификатқа Дидар Жұманбай ие болды. ІІ орын мен 15 мың теңгелік сертификат Айбек Болатовқа бұйырса, ІІІ орын және 10 мың теңгелік сертификатты Жихангер Ілияс жеңіп алды. Құран жарысының жоғары деңгейде өтуіне демеушілік жасап, игі істің ұйытқысы болған қаламыздың белсенді азаматы Рауан Әбікенге мешіт ұжымы зор алғыс білдірді. Ол кісі үнемі мешітке қолдау көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген жанашыр азамат. Жиын барысында бас имам Талғат Советов Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдасы тигені» деген хадисін келтіріп, демеушіге жүрекжарды лебізін білдірді:

— Жасаған жақсылығыңыз Алла алдында еселеніп сауап болып жазылып, бергеніңізден артылып, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға береке болып қайтсын! Тағылымды шара шәкірттердің рухани білімін шыңдап қана қоймай, олардың жүрегіне имандылық дәнін екті. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол.

 Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ