2025 жылдың қорытындысы Жәйрем комбинатының жастары үшін айрықша қуанышты жаңалықпен есте қалды. Жыл бойы табысты еңбек етіп, түрлі бағыттарда бастамашылдық танытқан «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Жастар кеңесі корпоративтік деңгейдегі байқауда топ жарып, компания құрылымындағы ең үздік Жастар кеңесі деп танылды. Жастар кеңесінің бұл жеңісі жай ғана марапат емес, Жәйрем жастарының мақсаткерлігі мен ұйымшылдығының, өндірісшілердің кәсіби шеберлігі мен батылдығының жарқын көрінісі болды.
Белсенді жастардың корпоративтік ортада өздерін көрсетуі, жаңа идеяларды батыл ұсынуы, қоғамдық және өндірістік салаға қосқан үлесі лайықты бағасын алып, олар «Казцинк» ЖШС Бас директоры Жанат Жанботиннің Алғыс хатына ие болды.
Алғыс хат салтанатты түрде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықовтың қолынан табысталды. Ол өз сөзінде жастардың комбинат дамуы үшін ерекше маңызға ие екенін, олардың қажырлы еңбегі бүкіл кәсіпорынның алға басуының кепілі екенін атап өтті.
— Сіздер комбинатты алға жетелейтін энергиясыздар. Идеяларыңыз, уақыттарыңыз, ортақ іске деген шынайы ықыластарыңыз – компанияның болашағын айқындайтын құндылықтар. Белсенді азаматтық позицияларыңыз бен еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін, — деген марапат сөзі Жәйрем жастарына зор сенім мен үміттің айқын дәлелі болды.
Бұл құттықтау — олардың еңбегіне берілген құрмет қана емес, болашаққа жетелейтін шабыттың қуатты көзі. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Гауһар Наурызбаева комбинаттағы жастар қозғалысының ауқымы мен маңызын ерекше атап өтті. Бүгінде кәсіпорында 743 жас еңбек етеді: 643-і ер, 100-і әйел маман. Солардың ішінен 120- 150 жас Жастар кеңесінің мүшесі болса, оның 25-30 белсендісі кеңестің негізгі жұмысын үйлестіріп, ұжымдық бастамаларға басшылық жасап келеді. Бұл жастар — Жәйремнің әлеуметтік әрі мәдени өмірінің айнасы. Арасында 2020 жылы құрылған, бүгінде елге танылып келе жатқан «Өндіріс еріктілері» тобының көшбасшылары, спорт шеберлері, мәдени шаралардың ұйымдастырушылары, шығармашылық топтардың белсенділері бар.
Олар жыл бойы кең ауқымды волонтёрлік акциялар өткізіп, түрлі шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, спорттық жарыстар мен мәдени жобаларға бастамашы болды. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де белсене атсалысып, техникалық инспектор міндетін қоса орындап жүр. Осындай жанжақты белсенділік пен ұйымшыл еңбек — басшылық тарапынан берілген жоғары бағаның негізгі себебі. Жастар кеңесінің күші — олардың бірлігінде.
Қандай бастама болса да, олар ортақ мақсатқа жұмыла біледі, бірін-бірі қолдап, әр жобаға жауапкершілікпен қарайды. Осы ұйымшылдықтың арқасында олар комбинаттың жаңа, заманауи, әлеуметтік жауапты бейнесін қалыптастырып, кәсіпорынның корпоративтік мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп келеді. 2025 жылғы үлкен жеңіс олардың алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруына жол ашты. Бүгінде Жастар кеңесі 2026 жылға кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған жаңа тренингтер, әлеуметтік жобалар, корпоративтік мәдениетті нығайту және жастар белсенділігін арттыру бойынша тың бастамалар әзірлеп жатыр.
Жыл қорытындысында ерекше көзге түсіп, өз белсенділігімен танылған екі жас қызметкер компанияның әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазаревтің Алғыс хатына және бағалы сыйлығына ие болды. Олар — полиметалл байыту фабрикасының шанаптаушысы Ануар Жанайханұлы мен «Жәйрем» кенішінің тау-кен көліктерінің жүргізушісі Рахат Ханафин. Бұл марапат олардың еңбегіне берілген әділ баға ғана емес, бүкіл жастарға шабыт сыйлайтын маңызды оқиға болды.
Жәйремнің намысын қорғап, комбинаттың абыройын асырған Жастар кеңесін, сондай-ақ, жеке марапатқа ие болған Ануар Жанайханұлы мен Рахат Ханафинді шын жүректен құттықтаймыз. 2026 жыл жаңа жетістіктерге, тың жобаларға, батыл идеяларға және табысты еңбекке толы болсын. Барша жас мамандарға жасампаздық, бірлік, шығармашылық шабыт және үлкен жеңістер тілейміз.
Теректі ШАҒАТАЙ.

