15 ақпан – тарихымыздың тағылымды беттерінің бірі. Бұл күн – Ауған соғысында интернационалдық борышын өтеп, ерлік пен табандылықтың үлгісін көрсеткен жауынгерлерді еске алу күні. Осы айтулы датаға орай Қаражал қаласындағы № 1 Тірек мектебінде тағылымды әрі мазмұнды іс-шара ұйымдастырылып, Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Мектеп ұжымы мен оқушылар арнайы шақырылған қонақтарды ерекше ілтипатпен қарсы алды. Іс-шара барысында жас ұрпақ патриоттық әндер шырқап, жүрек тебірентер өлеңдер оқыды. Оқушылардың өнері арқылы Отанға деген сүйіспеншілік, ерлікке деген тағзым айқын сезілді. Батыр ағаларға алғыс пен ізет білдіріліп, олардың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталатыны атап өтілді.
Кездесуге Ауған соғысының ардагерлері Андрей Набокин, Ғалым Бекмағанбетов, Алпысбай Садықов, Тәттібай Дүкенбай және қалалық Қорғаныс бөлімінің басшысы Арман Макажанов қатысты. Қонақтар майдан даласындағы естеліктерімен бөлісіп, әскери өмірдің қиындықтары мен жауапкершілігі туралы әсерлі әңгімелер айтты. Олар елге деген сүйіспеншілік, достыққа адалдық, Отан алдындағы парызды өтеудің маңызы жөнінде тағылымды ой қозғады.
Ардагерлер бүгінгі бейбіт өмірдің оңай келмегенін, әрбір тыныш күннің артында үлкен ерлік пен жанқиярлық жатқанын ерекше атап өтті.
— Ел тыныштығы – ең үлкен байлық. Оны көздің қарашығындай сақтау – кейінгі буынның міндеті, — деп ақыл-кеңестерін айтты.
Іс-шараның жауапты ұйымдастырушысы – Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мейірман Серікбаев. Оның бастамасымен өткен бұл кездесу жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға, тарихи сананы нығайтуға бағытталды.
Жиыннан кейін мектептің үшінші қабатында орналасқан қалалық өлкетану мұражайында тағылымды кездесу жалғасын тапты. Мұражайдағы дөңгелек үстелді мұражай меңгерушісі Нескен Абдрахманова ұйымдастырды. Кездесуге 9 «б» сынып оқушылары белсене қатысып, ардагерлермен ашық сұхбат құрды. Оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, батыр ағалардың өмір жолына, әскери қызметтегі естеліктеріне ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар, өнерлерін паш етіп, арнайы дайындаған сыйлықтарын ардагерлерге табыстады.
Мұражайда қаламыздың Ауған соғысы ардагерлеріне арналған арнайы бұрыш бар. Қонақтар сол бұрышты аралап, өмірден өткен, кезінде әскерде бірге қызмет еткен қаруластарын еске алды. Сағыныш пен мақтаныш сезімі тоғысқан сәтте ерлікке тағзым жасалып, үнсіздікпен естелік жаңғырды.
Кездесу соңында ардагерлер мектеп ұжымымен және оқушылармен бірге естелік суретке түсті. Бұл тағылымды шара – ұрпақтар сабақтастығының, ерлікке деген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Бүгінгі бейбіт өміріміз – батырлардың батылдығы мен қайсарлығының нәтижесі. Біз олардың ерлігін әрдайым мақтан тұтамыз, есімдерін құрметпен еске аламыз. Ардагер ағаларымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ

