«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»

Қаражал-Жәйрем өңірінде Жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жалғасуда. 2026 жылғы 18 ақпанда бекітілген республикалық желілік кестеге сәйкес, Қаражал қалалық коалициясы қала тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен бірқатар мазмұнды кездесулер өткізуде.

Кезекті кездесу Қаражал қаласындағы № 1 Тірек мектебінде ұйымдастырылды. Басқосуға Қаражал қалалық коалициясының төрағасы, «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина, коалиция құрамындағы қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, мәслихат депутаттары Айгүл Мауленина мен Жұмакүл Ахметова, сондай-ақ, өнер мектебінің ардагер ұстазы Әбдірәсіл Рахым қатысты.

Ауқымды жиын барысында коалиция мүшелері Жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Олар ұсынылып отырған нормалардың ел дамуының жаңа кезеңіне сай келетінін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, әлеуметтік әділеттілікті орнықтыруға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Ұстаздар қауымы көкейлеріндегі сауалдарын қойып, жобаның жекелеген баптарына қатысты өз ой-пікірлерін білдірді. Әсіресе, білім саласына қатысты кепілдіктер, әлеуметтік қолдау тетіктері және азаматтық жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды. Коалиция өкілдері әрбір сұраққа нақты жауап беріп, ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді.

Жиын барысында Қаражал қалалық коалиция мүшесі, қалалық мәслихат депутаты әрі № 1 Тірек мектебінің директоры Жұмакүл Ахметова жаңа Конституция жобасы ұстаздар арасында әлі де кеңінен талқыланатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай мазмұнды кездесулер маңызды құжаттың мәні мен маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

– Конституция – елдің басты заңы. Сондықтан, әрбір азамат, әрбір педагог оның мазмұнын жан-жақты зерделеп, өз көзқарасын білдіруге тиіс. Бүгінгі кездесу – сол ашықтық пен ортақ жауапкершіліктің айғағы, – деді ол.

Айта кету керек, Қаражал-Жәйрем аумағында ұйымдастырылып жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Коалиция мүшелері түрлі еңбек ұжымдары мен қоғамдық ұйымдарда болып, Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын кеңінен насихаттауды жоспарлап отыр.

Осындай мазмұнды кездесулер арқылы қоғам мен билік арасындағы ашық диалог нығайып, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясын» қалыптастыру жолындағы ортақ қадамдар айқындала түспек.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ