Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қаражал қаласы полиция бөлімі заманауи форматтағы «Профилактикалық кабинет» ашты.
Аталған бастама Министрліктің тапсырмасына сәйкес, «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» Заңды іске асыру және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша атаулы жұмысты күшейту және полицияның сервистік моделін дамыту.
Жаңа кабинет полиция, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау органдары мен азаматтық қоғам өкілдерінің өзара іс-қимылын біріктіретін үйлестіру алаңына айналады. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, алкоголизм мен нашақорлыққа қарсы іс-қимыл, девианттық мінез-құлықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіледі.
Кабинетте полиция қызметкерлері құқықтық кеңес береді, психологтар мен дәрігерлер дағдарыстық жағдайдағы азаматтарға көмек көрсетеді, ал әлеуметтік қызметкерлер қолайсыз отбасыларды сүйемелдейді.

