Жыл сайын әлемнің бірқатар елінде атап өтілетін 1 ақпан – Орамал күні қоғамдағы өзара сыйластықты, мәдени әртүрлілікті және әйелдердің таңдау еркіндігін дәріптейтін маңызды күндердің бірі. Бұл күн орамал тағатын қыз-келіншектердің құқығын құрметтеуге, олардың сенімі мен ұстанымына түсіністікпен қарауға үндейді.
Хиджаб – ислам мәдениетінде қарапайымдылық пен әдептіліктің белгісі. Көптеген мұсылман әйелдері үшін орамал – сенімнің, ішкі рухани ұстанымның көрінісі. Сонымен қатар, ол – жеке таңдау. Осы мереке құрметіне Қаражал қалалық «Нұр» мешітінің әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Халықаралық орамал күніне орай «Ақ жаулық – ардың айнасы» атты рухани кеш өтті. Тағылымды шара мешіт ұстазы Мақпал Ғайдарқызының бастамасымен ұйымдастырылып, қыз-келіншектердің басын қосты. Кештің басты мақсаты – орамалдың рухани мәнін ұғындыру, ұлттық әрі діни құндылықтарды дәріптеу, қыздардың бойына ибалық пен көркем мінезді сіңіру болды.
Шара аясында «Ең әдемі образ» номинациясы ұйымдастырылып, қатысушылардың талғамы мен әсемдігі бағаланды. Сонымен қатар, шәкірттер арасында өткен «Жүрекпен тағылған орамал» атты эссе байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Байқауға қатысқан әрбір қызға арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Осы тағылымды кеш аясында қаламыздың белсенді жеке кәсіпкері, жастығына қарамастан еңбекқорлығымен көпке үлгі болып жүрген Жанерке Даулетбаевамен сұхбаттасып, оның орамал тағудағы ұстанымы мен рухани таңдауы жайлы пікірін білдік.
– Мен орамалға бір күнде, бір сәтте келген жоқпын. Бұл – менің көп жылдан бері жүрегімде жүрген арманым еді. 2023 жылдың 5 қарашасында, үшінші қызымды дүниеге әкелгеннен кейін, Алланың қалауымен толықтай орамалға келдім. Оған дейін шашымды жай ғана байлап, басымды жабу секілді жеңіл түрде жүретінмін. Бірақ жүрегімде «бір күні толықтай орамал тағам» деген ниет әрдайым болды. Алдымен намазға келдім. Сосын орамалды біртіндеп тағып, өзімді де, жақындарымды да үйреттім. Асыққан жоқпын. Дайындалдым. Ішкі тыныштығымды тыңдадым. Ең бастысы – бұл шешіміме ешкім қарсы болмады. Керісінше, барлығы қолдау білдірді. Бұл мен үшін үлкен күш болды.
Шынымды айтсам, маған орамалда жүру қатты ұнайды. Өйткені ол – әйел адамның парызы, бірақ ең алдымен менің жүрек қалауым. Орамал таққаннан кейін өзімді бұрынғыдан да нұрланып кеткендей сезіндім. Орамал мені шектемейді, керісінше еркін етеді. Мен орамалмен жүріп жұмысымды да жасаймын, халық алдына да шығамын, түрлі іс-шараларға қатысамын, бизнесімді де дамытып келемін. Үйде де, жұмыста да, ортада да ешқандай кедергі жоқ. Сондықтан мен үшін орамал – шектеу емес. Ол – менің таңдаған жолым, менің тыныштығым, менің нұрым, – деп әсерлі жауап қатты кәсіпкер.
Рухани кеш барысында ақ дастархан жайылып, қатысушылар арасында түрлі танымдық ойындар мен сұрақ-жауаптар өткізілді. Бұл шара қыздардың өзара ынтымағын арттырып, еркін пікір алмасуына мүмкіндік берді. Кеш соңында орамалды аруларға әсем гүл шоқтары табысталды. Гүлдерге демеушілік көрсеткен «Buketon» гүлдер дүкенінің иесі Айым ханымға ұйымдастырушылар ерекше алғыс білдірді.
Мазмұнды кеш қыздардың рухани дамуына серпін беріп, орамалдың ар-намыс пен әдептің айнасы екендігін тағы бір мәрте айқындай түсті.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ