Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамның тұрақтылығы мен бірлігі – кез келген мемлекеттің дамуының басты кепілі. Әсіресе, көпэтносты және көпконфессиялы мемлекет үшін қоғамдық келісімді сақтау стратегиялық маңызға ие. Осындай келісім мен тұрақтылықтың берік негізі – зайырлылық қағидаты.
Зайырлылық – бұл мемлекеттің діннен бөлінуі ғана емес, ол – әр азаматтың ар-ождан бостандығына, наным-сенім еркіндігіне құрметпен қарау деген сөз. Зайырлы мемлекетте барлық діндер заң алдында тең, ешқайсысына артықшылық берілмейді. Бұл қағида қоғамдағы діни алауыздықтың алдын алып, түрлі сенім өкілдерінің өзара сыйластықта өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Қазақстан Конституциясында еліміз зайырлы мемлекет ретінде айқындалған. Бұл – мемлекеттің діни ұйымдардың ішкі ісіне араласпайтынын, ал діни ұйымдардың мемлекеттік басқару функцияларын атқармайтынын білдіреді. Осындай тепе-теңдік қоғамдық тұрақтылықтың берік іргетасына айналып отыр.
Зайырлылық қағидаты – қоғамдық келісімнің өзегі. Өйткені, ол азаматтарды діни немесе этникалық ерекшелігіне қарай бөлмей, бәріне тең мүмкіндік береді. Бұл қағида азаматтық бірегейлікті нығайтып, «ортақ Отан» ұғымын бекемдей түседі. Әрбір азамат өз сенімін ұстану арқылы мемлекет заңдарын құрметтеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді.
Бүгінгі таңда зайырлылықты сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе, жастар арасында құқықтық және діни сауаттылықты арттыру маңызды. Өйткені, деструктивті ағымдар көбіне діни білімнің таяздығын пайдаланып, қоғамға іріткі салуға тырысады. Мұндай жағдайда зайырлылық қағидаттарын түсіндіру, толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру – уақыт талабы.
Қоғамдық келісім – тек ұран емес, күнделікті еңбектің нәтижесі. Ол мемлекеттік саясаттың жүйелілігін, азаматтық қоғамның белсенділігін және әр адамның жауапкершілігін қажет етеді. Зайырлылық осы үдерістің үйлестіруші тетігі ретінде қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, зайырлылық – қоғамдық келісімнің алтын арқауы. Ол түрлі мәдениет пен сенім өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, бейбіт өмір мен тұрақты дамудың негізін қалайды. Сондықтан, зайырлы құндылықтарды сақтау мен нығайту – баршамыздың ортақ парызымыз.
Артем КИМ,
Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты.