Волонтерлік – ел болашағына қызмет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Волонтерлер форумына еліміздің түкпір-түкпірінен белсенді жастар жиналды. Ел еріктілерінің басын қосқан маңызды жиында қоғамдағы волонтерлік қызметтің рөлі, оның даму бағыттары мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мәселелері кеңінен сөз болды.

Аталған форумға жерлесіміз, Қаражал қаласы Жастар ресурстық орталығының директоры Шыңғыс Сағындық та қатысып қайтты. Белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып жүрген жас маман үшін бұл жиын – үлкен тәжірибе алаңы болғаны анық. Осыған орай біз Шыңғыс Әбілқасымұлымен арнайы сұхбаттасып, форумнан алған әсері, Мемлекет басшысының еріктілерге жүктеген міндеттері және алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен едік.

– Шыңғыс Әбілқасымұлы, Волонтерлер форумының жалпы атмосферасы қандай болды?

– Форум өте жоғары деңгейде, шабыт пен жігерге толы атмосферада өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген еріктілердің бас қосуы – бірлік пен ортақ мақсаттың айқын көрінісі болды. Әр қатысушының көзінен елге қызмет етуге деген құлшыныс байқалды.

– Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен қандай негізгі ой түйдіңіз?

– Президенттің сөзінен еріктілік – жай ғана көмек көрсету емес, ол азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін түсіндім. «Ерікті болу – игі іс жасау, Отанға адал қызмет ету» деген ой қоғамдағы әр адамның белсенді позиция ұстануы маңызды екенін айқындады.

– Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлерге қандай басым бағыттарды атап өтті?

– Мемлекет басшысы экологиялық бастамалар, әлеуметтік қолдау, төтенше жағдайлар кезіндегі көмек, қарттар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету, сондай-ақ патриоттық және рухани құндылықтарды насихаттау бағыттарын ерекше атады.

– Басқа өңірлерден келген еріктілермен тәжірибе алмасу қалай өтті?

– Тәжірибе алмасу өте пайдалы болды. Әр өңірдің өз ерекшелігі бар, соған қарамастан ортақ мақсатымыз – қоғамға қызмет ету. Жаңа жобалармен танысып, бірлескен бастамалар туралы келісімдер жасадық.

– Біздің өңірде волонтерлік қозғалысты дамыту үшін не қажет деп ойлайсыз?

– Ақпараттық насихатты күшейту, мектептер мен колледждерде еріктілік мәдениетін қалыптастыру, тұрақты жобалар ұйымдастыру және жастарға нақты мотивация беру маңызды деп санаймын.

– Форумнан алған тәжірибеңізді жергілікті жастармен бөлісу жоспарыңыз бар ма?

– Әрине, бар. Жастармен кездесу ұйымдастырып, форумда көтерілген бастамалар туралы айтып, жаңа жобаларды бірге іске асыруды жоспарлап отырмын.

– Қазіргі жастарға қандай үндеу айтар едіңіз?

– Жастарға айтарым – бейжай болмаңыздар. Әрбір кішкентай жақсылық үлкен өзгеріске бастайды. Ерікті болу – өз болашағың үшін жауапкершілік алу. Қоғамға пайдалы болайық, елімізді бірге дамытайық.

Сұхбаттасқан Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.