Қаражалдағы электр желілері: ескі жүйе, жаңа жауапкершілік

Өткен жылдың соңында Қаражал қаласында болған электрмен жабдықтау жүйесіндегі ірі апат тұрғындарға ауыр сынақ әкелгені белгілі. Екі тәулік бойы жарықсыз қалған қалада жүздеген тұрғын үй мен бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысы шектеліп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай қиындық туындады. Бұл жағдай электр желілерінің тозғанын ғана емес, оларды күтіп-ұстауға жауапты мекеменің жұмысына қатысты күрделі мәселелер бар екенін көрсетті.

Апаттың басты себебі ретінде электр желілерінің меншік иесі – «Вест-2001» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жөндеу жұмыстарын дер кезінде жүргізбегені айтылды. Көп жылдан бері жаңғыртылмаған желілер мен трансформаторлар шамадан тыс жүктемеге шыдамай, жиі істен шығатын болған. Соның салдарынан қала тұрғындары жарықтың жиі сөнуіне үйреніп қалғанымен, соңғы апат жағдайдың шегіне жеткенін аңғартты.

Қазіргі таңда Қаражал қаласының әкімдігі аталған серіктестікке қатысты сот процесін бастап, электр желілерін коммуналдық меншікке қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл – стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымды жергілікті биліктің тікелей бақылауына алу арқылы жүйелі жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін қадам. Алайда, «Вест-2001» ЖШС бұл шешіммен оңайлықпен келісе қоймай отыр. Соған қарамастан, тұрғындар тарапынан серіктестіктің жұмысына наразылық күшейіп, мәселе қоғамдық бақылауға алынған.

Қала әкімі Айқын Елеусізовтің басшылығымен электр желілерін жөндеу және жаңғырту жұмыстары сот процесінің нәтижесін күтпей-ақ басталып кетті. Бұл іске өңірдегі ірі кен өндіруші кәсіпорындар қолдау көрсетуде. Әлеуметтік жауапкершілік аясында олар кабельдер, сымдар, трансформатор бөлшектері сияқты қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып беріп, арнайы электриктер бригадаларын жасақтап, нақты көмек қолын созды.

Әсіресе, «Өркен-Атасу» кәсіпорнының үлесі айрықша. Компания тек материалдық қолдау көрсетіп қана қоймай, кәсіби мамандарын жұмылдырып, жөндеу жұмыстарының қарқынын арттыруға мүмкіндік жасап отыр. Сонымен қатар, «Karazhal Operating» және «ORDA GROUP» серіктестіктері де электр желілерін қалпына келтіру ісіне белсенді атсалысуда. Мұндай бірлескен жұмыстың нәтижесінде қаланың бірқатар бөлігінде нақты өзгерістер байқала бастады.

Қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукеновтің айтуынша, бүгінгі күні 25-орамдағы электр желілері мен трансформаторлар толық жаңғыртылған. Қазіргі уақытта 24-орамда ескі желілерді ауыстыру және тоқ көздерін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы қала бойынша 38 кешенді трансформаторлық қосалқы станция (КТП) және Жәйрем кентін қоса алғанда 310 шақырымнан астам электр желісі бар. Олардың шамамен 80 пайызы әбден тозған, яғни, толық жаңғыртуды қажет етеді.

Тозған инфрақұрылымның салдары – трансформаторлардың жиі істен шығуы, желілердің үзілуі және электр қуатының тұрақсыз берілуі. Бұған дейін жауапты мекеме тарапынан жүйелі жөндеу жүргізілмегендіктен, мәселе жылдар бойы қордаланып келген. Енді бұл жұмысты қала әкімдігі мен әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорындар қолға алып отыр.

Бүгінгі жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары тек ағымдағы ақауларды жоюмен шектелмейді. Мақсат – электр желілерін кезең-кезеңімен толық жаңарту, жүктемеге төзімді жаңа трансформаторлар орнату және болашақта апаттық жағдайлардың алдын алу. Бұл – қала тұрғындарының өмір сапасын арттырумен қатар, әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін аса маңызды.

Қаражалдағы жағдай инфрақұрылым мәселесіне салғырт қараудың қандай салдарға әкелетінін көрсетті. Сонымен бірге, ол жергілікті билік пен бизнестің бірлескен әрекеті арқылы күрделі мәселелерді шешуге болатынын дәлелдеп отыр. Ал сот процесінің нәтижесі электр желілерінің нақты кімнің бақылауында болатынын айқындап бермек.

Бастысы – басталған жұмыс тоқтамай, жүйелі түрде жалғасса, алдағы уақытта Қаражал қаласының тұрғындары жарықтың жиі өшуінен құтылып, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіледі деген үміт бар.

 Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ