Қалада көктайғақпен күрес күшейді

Қаражал қаласында ақпан айы басталғалы бері ауа райының құбылмалығы коммуналдық қызметтердің жұмысын едәуір күрделендірді. Бір күн қар жауса, келесі күні жаңбыр аралас жел соғып, артынша қайта суытуы қала көшелері мен жолдарын көк мұзға айналдырып отыр. Мұндай жағдай тұрғындардың күнделікті қозғалысын қиындатып қана қоймай, қауіпсіздік мәселесін де алдыңғы орынға шығарды.

Көктайғақ – қыс мезгіліндегі ең қауіпті табиғи құбылыстардың бірі. Соңғы күндері тайып құлап, жарақат алғандар саны көбейген. Жаяу жүргіншілер үшін ғана емес, көлік жүргізушілері үшін де бұл кезең аса жауапты. Жол-көлік оқиғаларының жиілеуі – соның айғағы. Мамандардың айтуынша, күндізгі жылымық пен түнгі суықтың алмасуы жол бетінде қалың мұз қабатының түзілуіне әкелуде. Әсіресе, таңғы және кешкі уақытта жағдай күрделене түседі.

Осындай алмағайып кезеңде қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен. Қала көшелері мен жолдарын қардан тазалау, мұзды еріту, құм мен тұз себу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл міндетті жергілікті азаматтардан құралған «Заңғар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып жатыр.

Қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукеновтің айтуынша, серіктестік жұмысты уақытпен санаспай ұйымдастырған.

— Қазіргі таңда көшелерді тазалауға 8 техника бірлігі мен 12 жұмысшы жұмылдырылды. Екі автогрейдер, құм шашатын, қар тиейтін және жол сыпыратын арнайы техникалар тоқтаусыз қызмет етуде. Жұмысшылар түннің бір уақытына дейін еңбек етіп, таңғы уақытта қайта іске кіріседі. Олар тек жолдарды ғана емес, тротуарларды да қардан тазартып, тұз аралас құм себуде. Қала тұрғындары олардың еңбегіне ризашылығын білдіруде, — дейді әкім орынбасары.

Бүгінде серіктестіктің материалдық қоры да жеткілікті. Базада 80 тонна құм, 3 тонна тұз және өзге де инертті материалдар дайын тұр. Бұл қор ауа райы құбылып тұрған кезеңде көктайғаққа қарсы жұмыстарды үздіксіз жүргізуге мүмкіндік береді.

Дегенмен, мамандар мұндай жағдайда әр тұрғын сақтық шараларын ұмытпауы тиіс екенін ескертеді. Тайғақта арнайы табаны кедір-бұдыр аяқ киім кию, асықпай жүру, жолдан өтерде мұқият болу – жарақаттың алдын алудың қарапайым тәсілдері. Ал жүргізушілерге арақашықтықты сақтап, жылдамдықты төмендетіп, қысқы дөңгелектерді қолдану ұсынылады.

Қаражалдағы коммуналдық қызметтердің қарбалас еңбегі қала тіршілігінің тоқтап қалмауына мүмкіндік беріп отыр. Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан, көшелерді дер кезінде тазалау мен мұзға қарсы шаралардың күшеюі – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан маңызды жұмыс.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ