- Адамзат тарихында қасірет пен қайсарлық қатар өрілген кезеңдер аз емес. Солардың бірі – 1979–1989 жылдар аралығында өткен Ауған соғысы. Бұл – ХХ ғасырдың ең ауыр әрі қайғылы беттерінің бірі ретінде тарихта қалды. Он жылға созылған зұлмат соғыс мыңдаған жастың тағдырын өзгертті, талай шаңыраққа қайғы әкелді. Кеңес Одағы құрамындағы республикалардан, соның ішінде Қазақстаннан да өрімдей жастар жат жерге аттанып, әскери борышын өтеді. Олардың көбі жиырмаға да толмаған бозбалалар еді.
Соғыс – тек қару мен оқтың, майдан мен бұйрықтың ғана емес, ол – ананың көз жасы, әкенің үміті, бауырдың сағынышы. Ауған даласындағы ауыр жылдар талай жүрекке жара салды. Мыңдаған жауынгер елге мүгедек болып оралды, қаншама отбасы қара қағаз алды. Бірақ сын сағатта Отан алдындағы парызын адал атқарған азаматтардың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Олар батылдық пен төзімділіктің, антқа адалдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Бүгінгі бейбіт аспан, тыныш өмір – сол боздақтардың жанқиярлығының жемісі. Сондықтан Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Ерлікке тағзым ету арқылы біз тарихқа тағзым етеміз, елдік рухты асқақтатамыз.
Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай Қаражал қаласында тағылымы мол, рухани мәні зор іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл күн – тек тарихи дата ғана емес, ел жадында сақталған ауыр кезеңді еске алу, ерлердің ерлігін ұлықтау күні. Мерекелік шара Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Ардагерлер, қала тұрғындары, жастар батыр боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл – ел есінен кетпейтін ерлікке деген шынайы құрметтің белгісі.
Осыдан кейін «Ауған ардагерлеріне тағзым» атты салтанатты кездесу ұйымдастырылып, қан майданда шыңдалған қайсар ағаларға құрмет көрсетілді. Кеш шымылдығын Қаражал қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова ашып, ардагерлерге алғыс білдірді. Ол өз сөзінде бейбіт өмірдің бағасын ұғыну – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина және Ауған соғысының ардагері Тәттібай Дүкенбайұлы сөз сөйлеп, ел тыныштығы мен бірліктің маңыздылығына тоқталды. Олар жастарды Отанды сүюге, тарихты құрметтеуге, бейбіт өмірдің қадірін білуге шақырды.
Поэзия сағатында №1 Тірек мектебінің оқушылары жүрек тебірентер өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Жас ұрпақтың батырлар ерлігіне бас июі – ел болашағының берік екенін аңғартқандай болды. Кеш барысында аналардың қайғысы, сарбаздардың сағынышы, соғыс салған жара туралы тебіреніске толы естеліктер айтылды. Уақыт өтсе де, тарихтың ауыр беттері ұмытылмайды. Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлердің есімі халық жадында мәңгі сақталады.

Шара соңында мылтық ату, дойбы, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, ардагерлер белсенділік танытты. Бұл – рухы мықты, жігері жасымайтын ерлердің өмірге деген құштарлығын айқындай түсті.
Бұл кездесу – ерлікке тағзым, тарихқа құрмет, бейбіт өмірдің бағасын ұғындырған маңызды рухани шара болды. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Батырлардың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Ауған ардагерлеріне тағзым – өткенге құрмет қана емес, болашаққа аманат.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ