«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықовқа Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің атынан Алғыс хат жолданып, онда өңір басшысы өткен жылдың желтоқсанында Қаражал қаласында орын алған күрделі ахуал кезінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына белсене атсалысқан комбинат ұжымына ризашылығын білдірді.
Хатта комбинат қызметкерлерінің еңбегі электрмен жабдықтауды жедел қалпына келтіруде шешуші рөл атқарғаны атап өтіліп, апат аймағында тікелей жұмыс істеген мамандармен қатар, бригадалардың жұмылдырылуы мен үйлесімді жұмысына жауапты бүкіл ұжымға алғыс айтылды.
Өткен жылдың соңында Қаражал қаласы –20 –25 °C қатты аязда ірі апат салдарынан жарықсыз және жылусыз қалып, тұрғындар екі тәулік бойы қиын жағдайға тап болды. Электр мен жылу беру жүйелерінің тоқтауы, әлеуметтік нысандардың жұмысын тоқтатуы қоғам арасында үлкен алаңдаушылық тудырып, жағдай әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды. Мұндай сын сәтте қаланың инженерлік жүйелерінің қатып қалу қаупі артып, шұғыл әрі нақты ұйымдастырылған әрекетті талап етті. Дәл осы уақытта көршілес елдің қиын жағдайына бейжай қарамаған Жәйрем комбинатының энергетика цехының мамандары кәсібилігі мен жауапкершілігін айқын көрсетті.
Апат туралы ақпарат түсе салысымен комбинаттың мамандар бригадалары дереу оқиға орнына көмекке аттанып, тәулік бойы жұмыс істеп, қалпына келтіру шараларына кірісті.
Қатты аяз бен қолайсыз жағдайға, техникалық қиындықтарға қарамастан энергетиктер үздіксіз еңбек етіп, жоғары кәсіби дайындық пен жанқиярлық әрекет көрсетті.
Қаражалдың коммуналдық қызметтерімен бірлесіп зақымданған учаскелер анықталып, желілер қайта жөнделіп, инфрақұрылым нысандары кезең-кезеңімен іске қосылды. Бірлескен еңбектің арқасында екі тәуліктің ішінде қаланың электрмен жабдықтауы толық қалпына келтірілді.
Осы қиын кезеңдегі еңбектері елеусіз қалмады. Қаражал қаласының әкімі төтенше жағдай салдарын жоюға ерекше үлес қосқан қаражалдық мамандармен қатар «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ энергетика цехының басшысы Ерден Иманбековті, тораптар мен шағын станциялар учаскесінің бастығы Мейірхан Әкімовті, релейлік қорғау және автоматика аппаратурасын жөндеу электромонтері Руслан Курмановты қабылдап, Алғыс хаттарын табыстап, олардың әрекетін азаматтық жауапкершіліктің, кәсіби адалдық пен жанкештіліктің үлгісі ретінде атап өтті.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ басшылығы да өз тарапынан қолдау көрсетіп, апат кезінде еңбек еткен қызметкерлерді сыйақымен марапаттап, кәсіпорын атынан Құрмет грамоталарын ұсынды. Бұл марапаттар мамандардың еңбегін бағалаудың, сондай‑ақ, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін мойындаудың белгісі болды.
Бұл оқиға Жәйрем комбинатында өз ісіне шын берілген, қиындықпен бетпе-бет келгенде жауапкершілікпен әрекет ететін білікті мамандар жұмыс істейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Комбинат ұжымы кез келген жағдайда тез шешім қабылдай алатын, үйлесімді қимылдайтын және өңір халқының игілігі үшін еңбек етуге дайын екенін көрсетті. Осындай табанды еңбек – кәсіпорын беделіне әрі өңір үшін атқарып отырған маңызды миссиясына сай келетін нәтиже.
Теректі ШАҒАТАЙ.