«Спорт нысандарын дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлытау облысы, Қаражал қаласында заманауи жабық хоккей кортының құрылысы жалғасуда. Аталған жоба бұқаралық спортты дамытуға, халықтың денсаулығын нығайтуға және тұрғындарға жыл бойы спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жобаға сәйкес мұз аренасы бар бір қабатты ғимарат салу көзделген. Нысанда киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары, шаруашылық-тұрмыстық және әкімшілік бөлмелер қарастырылған. Жобаның ерекшелігі – синтетикалық мұз жабынын қолдану, бұл нысанды маусымға тәуелсіз пайдалануға және техникалық қызмет көрсету шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес, жобаның сметалық құны (жобалау-іздестіру жұмыстарын қоспағанда) 774,8 млн теңгені құрайды. Келісімшартқа сәйкес құрылыс жұмыстарының жалпы құны 758,2 млн теңге болып белгіленген.
Қазіргі уақытта жер жұмыстары толық аяқталып, іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес орындалуда.
Жобаның бас мердігері – Астана Премиум Строй ЖШС.
Техникалық қадағалауды – КазАрт-Құрылысы ЖШС жүзеге асыруда.
Авторлық қадағалауды – Инвестициялық Консалтингтік топ «Cosmos Art» ЖШС жүргізуде.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Қаражал қаласының тұрғындарына, әсіресе жасөспірімдер мен жастарға, хоккей, мәнерлеп сырғанау және жаппай сырғанау спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік беріледі.
