Кәсіподақ ұйымы балықшылар жарысын ұйымдастырды

Жәйрем кентінің басым көпшілігі еңбек ететін «Казцинк» компаниясының туған күніне орай кәсіподақ ұйымы дәстүрге айналып үлгерген мұз астынан балық аулау жарысын ұйымдастырды. Бұл шара жыл сайын жұмыскерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып, ұжымдық рухты нығайтуға зор үлесін қосады. Аталған жарысқа кәсіподақ мүшелерімен қатар комбинат ардагерлері де белсенді қатысып, 3 сағат бойы Сарысу өзенінің бойында балық аулап, көңілді сәттерге куә болды.

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің бос уақытын тиімді өткізуге, олардың бір-бірімен жақын араласып, бірлік пен татулықты сезінуіне ерекше назар аударады. Осы мақсатта таңсәріден-ақ құрамы үш адамнан тұратын 20 команда Сарысу өзеніне жиналып, өз орындарын сайлай бастады. Қатысушылар қармақтарын, арнайы құрал-жабдықтарын дайындап жатқанда кәсіподақ мамандары самауырынға шай қойып, жылы тамақ пен тіске басар әзірледі.

Компанияның туған күніне орай ерекше сый жасаған күрделі құрылыс бөлімінің аға құрылысшы инженері Олжас Шадиев өзі дайындап әкелген ыстық кәуәбін пісіріп, барлық қатысушыларға таратты. Бұл ұйымдастырушылық шараға ерекше мерекелік көңіл-күй үстеп, жарысқа жиналғандарды одан әрі жігерлендірді.

Жарыс басталар алдында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанболат Бөрібаев, кәсіподақ төрағасы Мүбәрак Кәрібаев, сондай-ақ, комбинаттың Ардагерлер кеңесінің мүшесі Серікбай Момынов қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс ережелерін түсіндіріп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Жарыс басталысымен-ақ қармақтар қимылдап, алғашқы балықтар санаулы минуттарда қолға түсті. Қатысушылардың көңіл-күйі көтеріліп, командалар арасында қызықты тартыс басталды. Комбинат зейнеткері Ғазиз Шанауов 7,5 кг болатын ірі шортан ұстап, «Ең ірі балықты ұстаушы» номинациясын иеленді. Ал мұзды небары 8,8 секундта бұрғылап үлгерген полиметалл байыту фабрикасының реагент ерітушісі Темірлан Дауылбаев «Ең үздік бұрғылаушы» атанды. Номинация иелеріне арнайы әзірленген бағалы сыйлықтар мен дипломдар үлестірілді.

Ауланған балықтардың жалпы салмағы бойынша І орынды техникалық күтіп қарау және жөндеу басқармасынан шыққан Жандос Смайлов, Алмас Өмірбеков, Әлішер Топанов жеңіп алды. ІІ орынды полиметалл байыту фабрикасының механикалық қызметінің балықшылары Александр Тумашов, Александр Иванов, Александр Ашарин иеленсе, ІІІ орын «Жәйрем» кенішінің балықшылары — Дастан Сүйменов, Берік Асанов, Ерқанат Еркінұлына бұйырды. Аталған балықшылар керемет сыйлықтар мен дипломдарға ие болды.

Ардагерлер арасындағы сайыс та ерекше тартысты өтті. І орынды өндірісші ардагер Николай Курочкин, ІІ орынды Ғазиз Шанауов, ІІІ орынды Валера Конных жеңіп алды. Барлық жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жарыс соңында барлық қатысушылар өзен жағалауына сенбілік жүргізіп, табиғатқа жанашырлық танытып, аумақты тазалап шықты. Бұл шара экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Теректі ШАҒАТАЙ.