Мерекенің бастауы – жақсы көңіл-күй

1 ақпан күні компанияның туған күніне орай Жәйрем кен байыту комбинатының белсенділері кәсіподақ ұйымымен бірлесіп, өндірісте жүрген қызметкерлерге ұжымдық рухты арттыратын шынайы мерекелік атмосфера сыйлады.

Мерекелік шара таң атпай басталды. Жұмыстың соңында «Өндіріс волонтерлері» тобының және Жастар кеңесінің мүшелері өту дәліздерін безендіру үшін өнеркәсіптік аймаққа келді. Олар аумақты сәндеп, әрбір ұсақ-түйегіне дейін ойластырып, «Казцинк» символикасы бар шарларды үрлеп, түн ортасы ауғанға дейін уақыттың қалай сырғып өткенін байқамай да қалды. Осылайша өздерін қандай тосын сый күтіп тұрғанын білмеген әріптестеріне мерекелік көңіл-күй дайындады. Таңғы 6.00-де волонтерлер өту дәліздерінде сыйлықтармен, жылы жүзбен, ізгі тілектерімен қызметкерлерді қарсы алды. Бойшаң қуыршақ костюмдерін киген еріктілер Жастар кеңесінің белсенділерімен бірге ауысымнан шыққан және күндізгі ауысымға келген жұмысшыларды қарсы алып, компанияның туған күнімен құттықтады, ән айтып, би билеп, фирмалық символикасы бар тәттілер таратты.

Көпшілік үшін бұл күтпеген сыйлық пен көңіл бөлудің белгісі болды.

Жәйрем кен байыту комбинатының қызметкерлері волонтерлерге алғыстарын білдіріп, өз әсерлерімен бөлісті, алғашқы минуттардан-ақ көңіл-күйлерінің көтерілгенін және мұндай қарапайым, әрі шынайы құттықтаулардың ерекше бағалы екенін айтты.

– Мереке сәтті өтті, – деп атап өтті «Өндіріс волонтерлері» тобының жетекшісі, «Жәйрем КБК» АҚ Бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Гауһар Наурызбаева. – Өндірісіміз өркендеп жетістіктеріміз еселене берсін, әр жұмыс күні жарақатсыз, апатсыз өтсін. Ең бастысы – адамдар өздеріне көрсетілген ыстық ықылас пен қамқорлықты сезінсін.

Сол күні шамамен 1 300 жұмыскер керемет көңіл-күйге бөленіп, осындай тамаша сыйлық үшін өздерінің туған компаниясына алғыстарын білдірді.

Жәйрем кен байыту комбинаты ұжымының құттықтаулары бар тәтті сыйлықтар Қарағандыдағы бас кеңседе еңбек ететін инженерлік-техникалық қызметкерлерге де жолданды. Бұл жолдың алыстығы мен жұмыс кестесіне қарамастан бір-бірін ұмытпайтын үлкен команданың бірлігінің тағы бір көрінісі іспеттес болды.

Кейде мерекелік көңіл-күйді сезіну үшін кіреберістегі шарлар, әріптестеріңнің жадыраған күлкісі, шынайы «Мерекеңізбен!» деген қарапайым құттықтаулары жеткілікті. Корпоративтік мәдениет дегеніміз де дәл осындай қайталанбас сәттерден қалыптасады.