Бекітілген желілік кестеге сәйкес, бүгін «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалында Қаражал қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті.
Отырысқа Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова, «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина, қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов, қалалық мәслихат депутаттары Арынғазы Тәкібаев, Нұрбек Құлжанов, Данияр Жақсыбеков, Жалғасқан Құрмансейітов, Айгүл Мауленина, Жұмакүл Ахметова және мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.
Фракция отырысының күн тәртібіне Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасына енгізілген өзгерістерді талқылау, 2025-2026 жылу беру маусымының өтуі туралы ақпаратты тыңдау, «Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын қарастыру сынды маңызды сұрақтар енгізілді.
Алғашқы мәселе бойынша Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Манара Жетімекова баяндама жасап, қатысушылар Конституцияның жаңа жобасына енгізілген негізгі түзетулерді талқылап, конституциялық өзгерістердің мазмұны, олардың мемлекеттік басқару жүйесіне, азаматтардың құқықтық мәртебесіне және қоғамдық-саяси институттардың дамуына әсері жөнінде жан-жақты ақпараттар ортаға салынды.
Қатысушылар ұсынылып отырған реформалардың практикалық тиімділігі мен оның елдің құқықтық жүйесін жетілдірудегі рөліне қатысты сауалдар қойып, баяндамашы тарапынан нақты түсініктемелер алды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – алдағы жылу беру маусымының дайындық жұмыстары болды.
Қаражал қаласының тұрғын үй — коммуналдық ша руашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бекзат Қален жылу жүйелерінің техникалық жағдайы, жөндеу жұмыстарының орындалуы, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз ету шаралары туралы есеп берді.
Депутаттар тарапынан жылу беру мәселесіне қатысты және қаңырап бос тұрған үйлер туралы, апаттық жағдайлардың алдын алу, сонымен қатар, Жәйрем кентінде қазіргі таңда туындап отырған кентішілік тұрғындарды тасымалдау мәселесі бойынша сұрақтар қойылды.
Бекзат Қален көрсетілген мәселелерге толық жауап беріп, атқарылатын жұмыстардың мерзімдерін нақтылап, Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің 2026 жылға арналған жоспарларын баяндады.
Депутаттар ұсынылған жоспарларды талқылай отырып, нақтылау үшін бірқатар ұсыныстар айтты.
Оның ішінде тұрғындардың жиі көтеретін мәселелері, инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы орындалуы және бюджет қаражатының тиімді игерілуі туралы сұрақтар қамтылды.
Отырыстың қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша барлық баяндамалар тыңдалып, депутаттар мен қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.
Қабылданған пікірлер мен ұсыныстар алдағы жұмысты жоспарлауда ескерілетін болды.
Фракция мүшелері қоғамдық мәселелерді шешуде ашық диалогтың және тұрақты талқылаулардың маңызын атап өтіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының төрағасы.
