Жаңарған Қазақстанның берік іргетасы

Жаңа Конституция жобасы – Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы тарихи белесінің заңды жалғасы, ел дамуының жаңа сапалық кезеңіне аяқ басқанын айқындайтын стратегиялық маңызы зор құжат. Бұл бастама мемлекетті басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.

Конституцияның преамбуласында Қазақстан қоғамының іргелі қағидаттары айқын көрініс табады.

Мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы ел тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздіктің басты тіректері ретінде нақты бекітіледі.

«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты, адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі, этносаралық және конфессияаралық келісім, сондай-ақ, білім мен ғылымды дамыту, инновация, экологиялық жауапкершілік және болашақ ұрпақ алдындағы міндеттер жаңа қоғамдық келісімнің өзегіне айналады.

Осы орайда Қаражал қалалық әкімдігінде өңір басшысы Айқын Елеусізовтің қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға арналған актив отырысы өтті.

Маңызды жиынға қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, қала активі, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

Басқосуда ел өміріндегі бұл тарихи өзгерістердің мәні мен маңызы жан-жақты талқыланды.

Актив барысында «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Манара Жетимекова және «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина баяндама жасады.

Спикерлер конституциялық реформалардың ел болашағы үшін айрықша рөл атқаратынын атап өтіп, ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұнына кеңінен тоқталды.

Манара Жетимекова өз баяндамасында қазіргі қабылданып жатқан конституциялық реформаның түпкі мақсаты – «әділетті мемлекет, жауапты қоғам, белсенді азамат» қағидаттарын орнықтыру екенін ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және халықтың шешім қабылдау процесіне қатысуын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл – ел дамуының демократиялық жолын таңдаған Қазақстан үшін аса маңызды қадам.

Сонымен қатар, жаңа өзгерістер адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Әлеуметтік әділеттілік, тең мүмкіндік, ашықтық пен есептілік қағидаттары конституциялық деңгейде бекітіліп, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыратынын атап өтті.

Осы тұста «AMANAT» партиясының Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина спикер ретінде жаңа Конституция жобасы жөнінде баяндама оқыды.

Сонымен қатар, Гүлмира Исина Конституцияның бірінші және екінші бөлімдерінде халықтың егемен иесі ретіндегі мәртебесінің айқындалуын, өмір сүру құқығының абсолютті құндылық ретінде танылуын, жеке бас бостандығы мен ар-намысты қорғаудың күшейтілуін партия толық қолдайтынын жеткізді.

Мемлекеттік билік жүйесінің жаңаруы, Құрылтайдың енгізілуі, Конституциялық Соттың өкілеттігінің күшеюі және Конституцияға өзгерістерді тек бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдау нормасы – халықтың саяси шешімдерге тікелей қатысуын арттыратын маңызды қадамдар екені атап өтілді.

«AMANAT» партиясы жаңа Конституция жобасын әділетті, құқық үстемдігіне негізделген және адамды басты құндылық ретінде танитын Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған тарихи құжат деп бағалайтынын айтты.

Партия бұл реформаларды халыққа кеңінен түсіндіру және оларды іске асыру жолында белсенді жұмыс жүргізуді басты міндеті санайтынын Гүлмира Үмбетжанқызы жеткізді.

Актив отырысы барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсынылып отырған реформалардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтық қоғамның нығаюына серпін беретінін атап өтті.

Бұл – Қазақстан халқының болашаққа деген сенімін күшейтіп, ұлттық бірлікті бекемдейтін маңызды тарихи сәт.

Жаңа Конституция жобасы – ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың қолдауына лайық құжат.

Ол Қазақстанның кемел мемлекет ретінде қалыптасуын жаңа деңгейге көтеріп, әділетті әрі өркениетті қоғам құру жолындағы берік құқықтық негіз болмақ.

 Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ