Ұсынылып отырған Конституция жобасы – тек құқықтық мәтін емес, мемлекетті басқару мәдениетін жаңартуға бағытталған саяси-құқықтық бағдар. Бұл құжатта қоғам көптен күткен сұрақтарға нақты жауап бар.
Ең бастысы – билік пен азамат арасындағы қатынас айқындалып отыр. Заң мен тәртіп декларация ретінде емес, мемлекеттің күнделікті жұмыс істеу қағидасы ретінде бекітіледі. Адам құқығы – шектеудің объектісі емес, қорғаудың өзегі екені нақты көрсетілген.
Маңызды жаңалықтардың бірі – Конституциялық сотқа азаматтың тікелей жүгіну мүмкіндігі. Бұл мемлекетке емес, заңға арқа сүйейтін жүйеге жасалған қадам. Сонымен қатар сот тәуелсіздігі, адвокатураның мәртебесі, ұстау кезіндегі кепілдіктер күшейтіліп, кінәсіздік презумпциясы жалпы құқықтық стандарт деңгейіне көтерілді.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербестігі кеңейіп, Парламенттің жауапкершілігі арта түседі. Ал Конституцияны өзгерту құқығы тек халықтың өзіне тиесілі болуы – биліктің легитимділігін күшейтетін маңызды шешім.
Бұл жоба мемлекетті әлсіретуге емес, керісінше институционалдық тұрғыда күшейтуге бағытталған. Заң үстемдігі бар жерде әділет бар. Ал әділет – тұрақты дамудың басты шарты.
Исина Гульмира Умбетжановна, «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы
