Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілі, әдебиеттанушы ғалым, жазушы, драматург, абайтанудың негізін қалаушылардың бірі Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына орай Қаражал қаласында мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. Осы атаулы датаға байланысты Қаражал тау-кен техникалық колледжінің студенттерімен «Қайым Мұхамедханов – ұлт руханиятының жанашыры» тақырыбында ақпараттық сағат өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастарды Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасымен таныстыру, оның қазақ әдебиеті мен ғылымына қосқан өлшеусіз үлесін насихаттау, жас ұрпақтың тарихи санасы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру.
Ақпараттық сағат барысында Қайым Мұхамедхановтың өмірбаянына кеңінен тоқталып, оның Абай мұрасын зерттеудегі еңбегі, әдеби еттану ғылымындағы орны, драматургиялық шығармалары мен аудармашылық қызметі туралы мәліметтер ұсынылды. Әсіресе, ғалымның Абайдың әдеби мұрасын қорғаудағы табандылығы мен азаматтық ұстанымы студенттерге үлгі ретінде айтылды.
Шара аясында тақырыпқа сай бейнематериалдар көрсетіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Қайым Мұхамедхановтың еңбектері, ол туралы жазылған зерттеулер мен естелік кітаптар қойылды. Студенттер ғалымның шығармашылығы жөнінде ой бөлісіп, қойылған сұрақтарға белсенді түрде жауап берді.
Ақпараттық сағаттың қорытынды бөлімінде Қайым Мұхамедхановтың ұлт руханиятын сақтаудағы еңбегі ерекше атап өтіліп, оның шығармашылығын зерделеу – бүгінгі жастардың рухани дамуы үшін маңызды екені айтылды. Мұндай тағылымды шаралар жастарды ел тарихын, ұлттық әдебиетті терең тануға жетелейтіні сөзсіз.
Жайнагүл ҰЗАҚОВА,
Қаражал қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы.
