Мақсат – денсаулық пен өмір сапасын арттыру

Қаражал қалалық ауруханасы соңғы жылдары медициналық қызмет сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту және кадрлық әлеуетті күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Осы орайда біз Қаражал қалалық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Асан Кабуловпен сұхбаттасып, 2025 жылғы атқарылған жұмыстар мен 2026 жылға қойылған басым міндеттер туралы әңгімелескен едік

– Асан Күлтайұлы, алдымен 2025 жылдың қорытындыларына тоқталсақ. Қаражал қаласының денсаулық сақтау саласы үшін бұл жыл қандай нәтижелермен есте қалды?

– 2025 жыл біз үшін мазмұны мен маңызы зор жыл болды деп айта аламын. Қазіргі таңда Қаражал қалалық ауруханасына 7 853 тұрғын тіркелген. Соның ішінде балалар, жасөспірімдер және фертильді жастағы әйелдер бар, яғни, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына медициналық қызмет көрсетудің маңызы жоғары.

Біздің аурухана 4 жалпы практика дәрігері учаскесі және 2 педиатриялық учаске арқылы қызмет көрсетеді. Бір жалпы практика дәрігері (ЖПД) учаскесіне шаққандағы жүктеме – шамамен 1 700 адам. Бұл республикалық нормативтерге сай келеді. Сонымен қатар, консультативтік-диагностикалық бөлімшеде тар бейінді мамандар – кардиолог, хирург, дерматолог, пульмонолог, офтальмолог, ЛОР, стоматолог қызмет көрсетіп отыр. Рентген, флюорография, зертхана, ультрадыбыстық зерттеу толық көлемде жұмыс істейді.

Стационарымызда 30 төсек-орын бар, оның ішінде терапия, хирургия, гинекология, педиатрия және жұқпалы аурулар бөлімі бар. Күндізгі стационар мен физиотерапия кабинеті де халыққа тұрақты қызмет көрсетуде.

– Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жөнінде не айтасыз?

– Қаражал қалалық ауруханасы медициналық қызметтің базалық қолжетімділігін толық қамтамасыз етіп отыр. Бізде барлық қажетті лицензиялар мен сертификаттар бар. Амбулаториялық-емханалық, стационарлық және ана мен балаға көмек көрсету қызметтері толық көлемде жұмыс істейді. Ең бастысы – халық кез келген базалық медициналық көмекті өз қаласында, уақытында және сапалы ала алады. Бұл – біздің басты жетістігіміз.

– Инфрақұрылымды дамыту бағытында қандай істер атқарылды?

– Материалдық-техникалық базамызды нығайту – басты басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда жабдықталу деңгейі 82,4 пайызды құрайды. Соңғы үш жылда, нақтырақ айтқанда – 2023 жылы 123,7 млн теңгеге, 2024 жылы 6 млн теңгеге, 2025 жылы 53 млн теңгеден астам қаржыға заманауи медициналық техника сатып алынды. Сондай-ақ, гематологиялық анализатор, электрокардиограф, ЛОР-комбайн, УДЗ аппараты, көпфункциялы төсектер секілді маңызды жабдықтар да алдық. Бұл диагностика мен емдеудің сапасын едәуір арттырды.

Сонымен қатар, Ұлытау облысының 2023–2026 жылдарға арналған Жол картасы аясында жұқпалы аурулар бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 180 млн теңгеден асады. Қазіргі таңда 106 млн теңгеден астам жұмыс көлемі қабылданды. Бұл бөлімше толық жаңарып, заманауи талаптарға сай болады.

– Профилактика, скрининг және вакцинация жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Профилактика – денсаулық сақтаудың ең маңызды бағыты. 2025 жылы туберкулезбен сырқаттанушылық 37,5 пайызға төмендеді, өлім-жітім тіркелген жоқ. Бұл – жүйелі скрининг пен уақытылы емнің нәтижесі.

Скринингтер бойынша жоспарларымыз артығымен орындалуда. Атап айтқанда, артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, онкологиялық аурулар бойынша көрсеткіштер жоспардан жоғары деңгейде орындалды. Мәселен, қант диабеті бойынша жоспар 126 пайызға, глаукома бойынша 144 пайызға орындалды. Бұл халықтың медициналық тексеруге белсенді қатыса бастағанын көрсетеді.

Иммунопрофилактика бойынша 2025 жылдың 10 айында көрсеткіш 79,5 пайызды құрады. Бұл облыстық орташа деңгейден кем емес. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.

– Кадр мәселесі бүгінде барлық өңір үшін өзекті. Сіздерде бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Иә, кадр тапшылығы біз үшін де маңызды мәселе. Қазіргі таңда штаттық кесте бойынша 119,5 бірлік болса, оның 92,75-і ғана толық қамтылған. Барлығы 70 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 14 дәрігер бар. 2024–2025 жылдары 9 дәрігерді жұмысқа қабылдадық. Олардың қатарында педиатр, кардиолог, акушер-гинеколог, хирургтер, ЖПД мамандары бар. Дегенмен, жалпы практика дәрігері, неонатолог, офтальмолог тапшылығы әлі де сезіледі.

2025 жылы екі жас маманға 7 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Барлық келген дәрігерлер тұрғын үймен және тұрмыстық техникамен қамтамасыз етілді. Бұл – кадр тұрақтылығын сақтаудың маңызды тетігі. Сонымен қатар, 15 мейірбике бакалавриат бойынша білім алды, тағы 6 мейірбике оқып жатыр. Барлық медициналық қызметкерлер біліктілігін арттыру курстарынан өтіп келеді.

– 2026 жылға қандай жоспарлар қойып отырсыздар?

– Алдағы жылы негізгі мақсаттарымыз мыналар: дефицитті мамандарды тарту, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін 90 пайызға жеткізу, скрининг пен профилактикалық шараларды кеңейту, телемедицина мен цифрлық сервистерді енгізу, вакцинациямен қамтуды 90 пайызға дейін арттыру, «Qarmet» АҚ-мен кадрларды қолдау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыру.

Біздің басты мақсатымыз – Қаражал тұрғындарының денсаулығын сақтау мен өмір сапасын арттыру. Бұл жолда барлық күш-жігерімізді саламыз.

 – Әңгімеңізге рахмет. Атқарылып жатқан жұмыстарға табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.