Ұлттық құндылық пен заманауи даму сабақтастығы

V Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтай бүгінде қоғамдық пікір ескерілетін, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер талқыланатын пәрменді диалог алаңына айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай – халықтың үні мен мемлекеттік саясаттың тоғысқан нүктесі.

Мемлекет басшысы ел ішіндегі бірлік пен қоғамдық келісімнің стратегиялық маңызын атап өтті. Бұл ретте мәдениет пен руханият қоғамды ұйыстыратын негізгі тіректердің бірі ретінде айқындалды. Себебі, мәдени мұра, тарихи жады және ортақ рухани құндылықтар азаматтарды бір мақсат пен бір болашаққа жұмылдырады.

Қалалар мен өңірлерде жүргізіліп жатқан мәдени саясат Президент айқындаған «Әділетті Қазақстан» қағидаттарымен тікелей сабақтас. Ұлттық бірегейлікті сақтау мен дамыту – тек республикалық деңгейдегі емес, жергілікті атқарушы органдардың да күнделікті жұмысындағы басты басымдық.

Президент өз сөзінде ұлттық тарихты терең зерделеу, мәдени мұраны сақтау және оны қазіргі заман талаптарына сай жаңғырту мәселесіне айрықша тоқталды. Бұл – өткенге оралу емес, ұлттық сананы жаңғырту арқылы болашаққа нық қадам басу. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Абай ілімінің маңызын ерекше атап өтті. Абайдың «толық адам» тұжырымдамасы – адал еңбекке, білімге, әділеттілік пен жауапкершілікке негізделген құндылықтар жүйесі. Бұл қағидаттар қазіргі қоғам үшін де өзекті және ел дамуының рухани негізіне айналуы тиіс. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл бастама ұлттық рухани мұраны халықаралық деңгейде мойындатуға және қазақ ойының әлемдік өркениеттегі орнын айқындауға мүмкіндік береді.

V Ұлттық құрылтайда Президент мемлекеттік рәміздерге айрықша тоқталып, оларды ел бірлігін нығайтатын, ұлттық сананы қалыптастыратын маңызды рухани құндылық ретінде бағалады. Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздіктің белгісі ғана емес, ұрпақты отаншылдыққа, жауапкершілікке тәрбиелейтін символдар.

Болашаққа бағытталған стратегиялық қадам Президенттің айтуынша, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет күнделікті өмірде, әсіресе, мәдени-ағартушылық ортада нақты көрініс табуы тиіс. Бұл – ұлттық сана мен тарихи жадыны нығайтудың маңызды бөлігі. Сондықтан, мәдениет мекемелері мен қоғамдық кеңістіктерде рәміздерді кеңінен насихаттау – рухани саясаттың ажырамас құрамдас бөлігі.

V Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер өңірлік деңгейде нақты іс-шараларға ұласуы тиіс. Президент атап өткен қоғамдық жауапкершілік, еңбекқорлық, заң мен тәртіпке құрмет сияқты құндылықтар мәдени саясат арқылы қоғам санасына жүйелі түрде сіңірілуі қажет. V Ұлттық құрылтай – ел дамуының идеологиялық, әлеуметтік және мәдени негіздерін қайта пайымдаған маңызды алаң.

Құрылтайда атап көрсетілген заң мен тәртіпті сақтау, «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау және қоғамдық жауапкершілікті арттыру сияқты бағыттар өңірлік саясат пен күнделікті іс-әрекеттерде нақты көрініс табуы қажет. Осы бағыттарды өңірлік деңгейде жүйелі түрде іске асырып, қоғаммен ашық диалог арқылы қоғамды біріктіру және ел бірлігін нығайту — басты міндетіміз болып табылады.

 Манара ЖЕТИМЕКОВА,

«Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ басшысы.